Білім

“Бизнестің жол картасы-2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында мектепке дейінгі мекеме жөнделмек

Диляра Сагдеева – “Балдәурен” бөбекжай-бақшасының тәрбиеленушісі, М.Жұмабаев ауданы

– Маған мұнда сурет салып, өлең айтқан ұнайды. Тәрбиешілерде жақсы адамдар.

Жалпы “Балдәурен” бөбекжай-бақшасында бүгінде екі мен алты жасқа дейінгі 115 бала тәрбиеленеді. Олардың барлығы қазақ, орыс және сауықтыру топтарына бөлінген. Соңғы топ 2013 жылы ашылған екен. Қазірде мұнда 25 бүлдіршін тәрбиеленеді. Олардың барлығының көңілін табу тәрбиешілер үшін оңай шаруа емес. Дегенмен де, мамандар біліктіліктерінің арқасында балалармен тез тіл табысады екен.

Гүлмира Шаришева – “Балдәурен” бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі, М.Жұмабаев ауданы

– Біз бүлдіршіндермен таңнан кешке дейін түрлі тақырыпта ойындар ойнаймыз. Оларға 5 мезгіл тамақ беріледі.

“Балдәурен” бөбекжай-бақшасы бүлдіршіндерге өз есігін 2006 жылы айқара ашқан болатын. Биылғы жазда мекеме уақытша жабылып, мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Айгүл Есілбаева – “Балдәурен” бөбекжай-бақшасы меңгерушісінің міндетін атқарушы, М.Жұмабаев ауданы

– Биыл біздің бөбекжай-бақшамызды жөндеуге мемлекеттік бағдарлама аясында қаражат бөлінді. Енді, бұл жұмыстарды жаз айларында жүргіземіз. Онда ғимараттың терезелері ауыстырылады, сырты толығымен қапталады, едендер жылытылады сонымен қатар өзге де жұмыстар атқарылады. Бұл уақыт аралығында бөбекжай-бақшасы балаларды қабылдамайды.

“Балдәурен” бөбекжай-бақшасын жөндеу үшін “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы бойынша 19 млн. теңге қаржы бөлініпті.

 

Риат Шони.