МТРА жаңалықтары

Көктемгі су тасқынына дайындық өңір құтқарушыларының басты назарында

Евгений Журавлев – СҚО ТЖД бас маманы

– Қазір су тасқынына байланысты өңірде жағдай қалыпты. Тек Сергеев су қоймасында су аздап арнасынан асуда. Бірақ ол әзірше еш қауіп төндіріп тұрған жоқ. Дегенменде солтүстікқазақстандықтар сақтық шараларын естен шығармағандары жөн. Қазір көктемгі су тасқыны құтқарушылардың жіті бақылауында. Ұлттық ұланның 3 бөлімі облыс бойынша қауіпті аймақтарға жіберілді.

Облыста Есіл өзені әлі тасыған жоқ. Бірақ ағынды сулардың салдарынан өңірде бірнеше үйді су басып отыр. Ал өзен тасығанда облыста 23 елді-мекен табиғи апаттан зардап шегуі мүмкін. Қазіргі таңда Уәлиханов ауданы – ең қауіпті аймақ. Онда Сілеті өзеніндегі су маңайдағы Қаратал мен Қулыкөл ауылдарына қатер төндіріп тұр. Бұл ретте аталмыш ауданда құтқарушылар тұрғындарды уақытша қауіпсіз аймақтарға көшіруде. Бүгінгі күні қос ауылдан 240 адамға көмек көрсетіліпті.

Евгений Журавлев – СҚО ТЖД бас маманы

– Сілеті су қоймасында қазір арнайы топ жұмыс істеп жатыр. Онда 32 бірлік техника мен жеке құрамның 126 қызметкері жұмылдырылған. Қауіпті аймақтардағы тұрғындар біртіндеп көшіріліп жатыр. Қазір Қаратал мен Қулыкөл ауылдарын байланыстыратын жол бекітілуде. Уәлиханов ауданынан бөлек көктемгі су тасқыны саяжайларға да қауіп төндіріп тұр. Бұл ретте саяжай иелеріне уақытша өз жұмыстарын тоқтатсын дегім келеді.

Сақтықта қорлық жоқ. Бүгінгі күні облыста көктемгі су тасқынына байланысты 18 701 тонна инертті материалдар дайындалған.

 

Риат Шони.