Өнеркәсіп

Өрісін кеңейткен кәсіпорын

Қораптарға салынған мына қиярлар серіктестіктің жылыжайында өсірілген. Қызметкерлер жұмасына 3 рет 100 кг-нан өнім жинайды. «Зазуля» сортты бұл өскіндер наурыздың ортасынан бастап өнім бере бастаған. Олар ешбір химиялық қоспаларсыз суарылып, жақсы күтіліп, бапталады. Бұдан бөлек мұнда баклажан, түрлі гүлдер, болгар бұрыштары және қызанақ өсіріледі. Мұндағы көкөністердің күтіміне 4 қызметкер жауапты.

Ольга Кузьмина- «Ғасыр Айыртау» ЖШС бағбаншы

– Қазір жазғы уақытта өсірілетін көкөністерді егуге дайындап жатырмыз. Бізде жазда қырыққабат, сәбіз, жуа да отырғызылады. Қияр мен болгар бұрышын жыл бойы өсірсек, қызынақты көктемге қарай отырғызамыз. Өйткені оларға жарық қажет.

Жалпы кәсіпорында 300 шаршы метрлік 2 қысқы және 1 жазғы жылыжай бар. Өсімдіктер жақсы өсіп, жетілу үшін жердің астынан құбыр арқылы жылу жіберіледі. Олардың суарылуына да барлық жағдай қарастырылған.
Валерий Силаев серіктестіктің қож-блок жасайтын цехында еңбек етеді. Мына қондырғы өткен жылдың күзінде Ресейден алыныпты. Күл мен цементтің қоспасынан жасалатын құрылысқа қажетті бұл материал үлкен сұранысқа ие.

Валерий Силаев- «Ғасыр Айыртау» ЖШС қызметкері

– Ауысымына 500 дана жасалады. Жалпы біз өндірісті қалдықсыз жасауға тырысудамыз. Яғни, өзімізден шығатын күлді цементпен және шамалы су қосып араластырамыз. Мына құрал – вибропресс, соның арқасында 50 тонна қысым беріліп, формасы жасалады. Жылына 20 мың дана қож-блок шығарамыз.

Кәсіпорын жарма және макарон өнімдерін шығарумен де айналысады. Соңғысын жуырда ғана қолға алыпты. Бұрындары мұнда бір ғана қондырғы болса, қазір олардың санын 4-ге жеткізіпті.

Владимир Солоненко- «Ғасыр Айыртау» ЖШС азық-түлік өнімдерін жасайтын цехының басшысы


–  Макаронның 6 және жарма өнімдерінің 7 түрін шығарамыз. Олардың барлығы біздің негізгі кәсіпорынның ел көлеміндегі бөлімшелерін қамтамасыз етуге жеткілікті. Қазір сатылымға да шығарып жатырмыз. Күніне 150 кг макарон өнімін дайындаймыз.

Алғашында серістестік тек ауылшаруалығы техникасын жөндеумен айналысатын мекеме ретінде ғана ашылған. Мұнда қазір ескі комбаиндардың бөлшектерімен қоса, заманауи көліктердің де құрал-саймандары жөнделеді. Мұнда 200-ге жуық айыртаулық тұрақты еңбекпен қамтылған.

Валентин Лыткин- «Ғасыр Айыртау» ЖШС директоры

– Біз заман ағымынан қалмай кәсіпорынды кеңейтуді көздедік. Сол мақсатта жылына бір жаңа цехтен іске қосып жатырмыз. Ол жаңа жұмыс орындары үшін де жақсы. Оның үстіне біз «Алиби» ұлттық холддингінің еншілес компаниясы саналамыз. Сондықтан оның құрамына кіретін 50 бөлімді де өзіміздің өнімдерімізбен қамтамасыз етеміз. Артылып жатқандары саталымға шығарылады.

Жалпы серіктестікте 18 цех бар. Үстіміздегі жылы олардың қатары тағы біреуімен толықпақ. Кәсіпорын шұжық өнімдерін жасауды қолға алмақшы. Жоба сәтті жүзеге асса, тәулігіне 500 кг өнім шығару көзделген.

 

Магжан Ахмадина.