МТРА жаңалықтары

Бескөлде дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда

Есләм Нұрғалиев – Қызылжар ауданы құрылыс бөлімінің басшысы

– 160 орынға арналған кешен барлық заманауи талаптарға жауап береді. Бұл пилоттық жоба болып табылады. Осындайдың біріншісі Ғ.Мүсірепов ауданында салынды. Ішінде ойын залы, жаттығу құралдары, бокс алаңы, күрескерлерге қажет спорттық төсеніш пен ауыр атлеттерге арналған құрылғылар болады. Мұнда оларға арналып барлық жағдай жасалады.

Бүгінге дейін негізгі шаруа атқырылған. Істің 70 пайызы орындалыпты. Енді қалғаны – әрлеу жұмыстары мен аббатттандыру. Ғимараттың аумағы 800 шаршы метрді құрайды. Мұнда қазір 25 адам жұмыс істеуде. Оған қоса тағы 4 техника бар. Серіктестік басшысының айтуынша, әзірге, бәрі кестеге сай жүріп жатыр.

Григорий Сергеев – “Миг” ЖШС директоры

– Нысанға барлық инженерлік желілер жүргізілді. Яғни, жарық, кәріздік жүйе, телефон желісін тарттық. Қазандыққа арналған ғимаратын саламыз. Кешенді тапсыру уақыты – ағымдағы жылдың 1-ші маусымы деп белгіленіп отыр. Оған дейін үлгеруге тырысамыз.

Негізінде Бескөлде бір дене шынықтыру-сауықтыру кешені бар. Бірақ, ол шағын. Әрі оған балалар ғана емес, жастар да, үлкендер де жиі барады. 10 мыңнан астам тұрғыны бар ауылда спортпен айналысамын дегендер көп. Өскелең ұрпақ көбінесе күрес, бокс пен шығыс жекпе-жегіне қызығушылық танытса, ересектер волейбол пен шағын футбол ойнайды.

Жанат Елеусізов – Қызылжар ауданы балалар мен жасөсіпірімдер спорт мектебінің директоры

– Қазіргі таңда біздің спортпен айналысатын балалардың саны аудан бойынша 24 пайызды құрап отыр. Сондықтан, алдағы уақытта да бұл көрсеткішті жоғарылату үшін осындай кешендер керек деп ойлаймын. Бүгінде Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің өзінде 600-ден астам спортшы жаттығуда.

Кешен – екі қабатты. Оның құрылысына бөлінген қаражаттың басым бөлігі -республикалық бюджеттен, қалғаны – облыстық қазынадан. Барлығы 251 млн теңге шамасында қаржы берілген.

– Бұрын бұл жерде бос алаң болған. Сол себепті, алдағы уақытта нысанның маңайын көркейту бойынша біраз шаруа атқарылады. абаттандыру жұмыстарына мамыр айының ортасында кірісу жоспарланып отыр.

Кешеннің алдына асфальт салынған, енді кейін кеспе тас төселіп, гүлзарлар мен жарық орнатылады.

Данаш Хамзина.