Без категории

Бейбіт күнді сыйлаған қариялар

Михаил Чекунов – Ұлы Отан соғысының ардагері

– Майданға аттанбас бұрын полк құрамындағы сарбаздарды қысқа мерзімді оқудан өткізді. Онда бізді станокты пулеметтен оқ боратуды үйретті. Алғашқы даярлықтан өткеннен соң, бірден Венгрия еліне жіберді. Көбіне сол жерде ұрысқа түстім. Жеңісті дәл осы мемлекетте естіп, қарсы алдым.

Соғыс аяқталысымен, Михаил Чекунов 51-ші жылға дейін Болгарияда әскери борышын өтеуді жалғастырады. Майдангер сұм соғыста бірде бір рет жарақат алмапты. Ал әскери борышын өтегеннен соң, туған қаласына оралып, Киров атындағы зауытта еңбек етіпті. Қария темір ұстасынан аға технолог қызметіне дейін жоғарылаған.

Михаил Чекунов – Ұлы Отан соғысының ардагері

– Мен зауытқа 1952 жылы еңбек жолымды бастадым. Жұмыспен бірге механикалық техникумның кешкі оқуында оқыдым. Зауытқа көп еңбегім сіңді. 35 жыл ішінде қарапайым ұстадан, технолог лауазымына дейін көтерілдім. Сол кездері қоғамдық шаралардан да тыс қалмай, ат салысып жүрдім.

Бұйыртса қарт майдангер қараша айында 87 жасқа толмақ. Биыл жұбайы Антонина екеуінің отасқандарына 58 жыл. Өкінішке орай, Чекуновтар жанұясына бала сүю бақыты бұйырмапты. Қарт майдангер талай отбасына бақыт сыйлаған 9 Мамыр мерекесін көре алмаймын ба деп қамығады. Себебі, қарияның денсаулығы соңғы кездері қатты сыр беріп жүр.

 

Бакыт Садуакасов.