Аптадағы маңызды жаңалықтар

200 аталымдағы дәрі-дәрмекке баға бекітілді

Айгүл Алыпкарина, “ҚР ДСӘДМ Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің СҚО бойынша департаменті” РММ басшысының міндетін атқарушы

– Сәуірдің 6-сы облыс әкімдігі, фармацетикалық ұйымдардың Солтүстік Қазақстан Қауымдастығы, денсаулық сақтау басқармасы, Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің СҚО бойынша департаменті және фармацевтикалық қызмет субъектілері дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағасын ұстап тұру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумына қол қойды. Осылайша, тұрғындар арасында жоғары сұранысқа ие 200 аталымдағы дәрі-дәрмектің бағасы өспейтін болады.

Бүгінде жасалған меморандумға сәйкес өңірдегі 141 фармацевтикалық қызмет субъектілері 200 аталымдағы дәрі-дәрмектің бекітілген бағасын жыл аяғына дейін өзгертпеуге келісті. Соның бірі – “Интертич” ЖШС. Өңірдегі “Сердечная” мен “Биосфера” дәріханалары осы серіктестіктің иелегінде.

Лариса Сенькина, “Биосфера” фарм-маркеті дәріханасының меңгерушісі

– Бізде жыл аяғына дейін 200 аталымдағы дәрі мен медициналық бұйымдардың бағасы өзгермейді. Менің ойымша, меморандумның жасалғаны дұрыс болды. Өйткені, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен жалақысы төмен адамдардың ақшасы қымбат дәрілерді алуға жетпейді.

Бұдан бөлек департаменттегілер өңірдегі дәріханалардың қызметін ұдайы бақылауда ұстап, дәрілік заттардың сапасы мен оның құнына мониторинг өткізіп тұрады.

Айгүл Алыпкарина, “ҚР ДСӘДМ Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің СҚО бойынша департаменті” РММ басшысының міндетін атқарушы

 

– Жыл басынан департамент фармацевтикалық қызмет субъектілеріне 15 тексеріс өткізді. Оның 2-уі жоспарлы, қалғаны жоспардан тыс, яғни тұрғындардың шағымы негізінде жүргізілді. Сондай-ақ, біз тексерісті қалалық, облыстық прокуратураның сұранысы бойынша жүргіземіз. Нәтижесінде жыл басынан 5 әкімшілік хаттама толтырылды. Мысалы, бір фармацевт жарамдылық мерзімі өтуге бірнеше күн қалған көз тамшысын зейнеткерге сатып жіберген. Препарат арзан емес, 1000 тг. тұратын. Біз сол дәріханада тексеріс жүргізіп, қателік жіберген маманды әкімшілік жауапкершілікке тарттық.

Өңір фармацевтері дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бағасын жыл аяғына дейін қадағалап отырмақ.

Берик Касен.