МТРА жаңалықтары

Петропавлда Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында ретро-көліктердің автошеруі өтті

Сергей Гайворонский – көлік иесі

– Бұл темір тұлпарды осыдан 20 жыл бұрын өз қолыммен құрастырып, жасап шықтым. Ол кездері мұндай автокөліктердің саны көп болатын. Ал қазірде бұл көлікті сирек кездестіресің. Жергілікті қоғамдық институт акцияға шақырғанда бірден келістім, өзім осындай шараларға жиі қатысып тұрамын.

Біреулері ретро темір тұлпарларды қызықтап тұрса, ал келесі бірі Достық үйінің алдында жергілікті мәдени орталық мүшелерінің әзірлеген концертіне тәнті болды. Жиын барысында жергілікті қоғамдық және мәдени ұйымдардың басшылары барша қазақстандықтарды бірлік пен достыққа үндейтін институттың маңыздылығына тоқталып өтті. Сондай-ақ, акцияға жиналғандар алдында жастар флешмобы ұйымдастырылған болатын.

Жалпы акцияның көздегені – елімізді мекендейтін ұлттар арасындағы татулықты көрсетіп, бейбітшілік пен келісімді нығайту,- дейді ұйымдастырушылар.

Чингиз Курбанов – СҚО әзірбайжан мәдениеті орталығы жетекшісінің орынбасары

– Өздеріңіз білетіндей, ағымдағы жылдың 6-шы ақпанында Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы ел бойынша ресми түрде бастау алған болатын. Соған орай бүгін өңірдегі әзірбайжан мәдени орталығы Петропавл қаласында автошеру өткізіп жатыр. Акцияға облыс орталығындағы кез-келген көлік тізгіндеген жерлестеріміз қатыса алады.

Одан соң Қазақстан халқы Ассамблеясы Жылының логотипімен безендірілген 3 ретро-көлік бастаған автоколлона қаламыздың басты көшелерімен жүріп өтті. Оның ішінде Жамбыл Жабаев, Кәрім Сүтішев, Абай көшелері де бар. Көп ұзамай темір тұлпарлар легі Мир көшесіне қарай бағыт алды. Ал кейін ретро-көліктер бастаған автомашиналар Мағжан Жұмабаев ауданының Булаев қаласына жол алды.

Ал Булаев қаласында облысымыздың көркемөнерпаздар ұжымдары жергілікті тұрғындарға ән-жырдан шашу шашпақ.

 

 

Бакыт Садуакасов.