МТРА жаңалықтары

Екі қолға бір күрек іздеген жастарға көмек

Алексей Тетерин – СҚО жастар бастамалары орталығының маманы.

-Өткен жылы бізге екі қолға бір күрек іздеп 638 адам келді. Оның 380-ы жұмыспен қамтылды. Ал қалғаны қазіргі уақытта біздің базада. Биыл да жастар келіп жатыр. Соңғы үш айдың ішінде 60-тан астам жан келді. Қазіргі күні оның 32-і еңбек етіп жатыр. Біз бос жұмыс орындарын интернет сайттардан, жарнамалардан, газеттерден қараймыз, сонымен қатар түрлі ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан тез арада табамыз.

Жастар бастамалары орталығының арқасында тұрақты жұмысқа орналасқанның бірі Руслан Самаев. 2013 жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ін тәмамдаған жас маман алғашында мектепте еңбек етіпті. Кейін 2014-ші жылдың қыркүйек айынан бастап Петропавл машина жасау колледжіне келіп, өз мамандығы бойынша жастарға көмегін көрсетуде.

Руслан Самаев – Петропавл машина жасау колледжінің педагог-психологы.

-Мен өткен жылдың тамыз айында жұмыс іздеп, СҚО жастар бастамалары орталығына бардым. Онда маған екі бос орынды ұсынған болатын. Менің таңдауым колледжге түсті. Қазір студенттермен түрлі тренингтер жасап, оларға кеңестер беремін. Жалпы жұмысым өзіме ұнайды.

Айта кету қажет, ендігі кезекте еңбек еткісі келетін жастарды аудандарға да тарту жұмысы қызған. Мұндай ұсынысты жуырда СҚО жастар бастамалары орталығының директоры білдірген болатын. Осындай игі шараны өңірдің 13 орталығы бір ауыздан қолдап отыр.

Жеңіс Нұртазин – Ғ.Мүсірепов ауданы жастар бастамалары орталығының жетекшісі.

-Ауданымыздағы жастар бастамалары орталығы өткен жылы 27-і адамға жұмыс орнын тапты. Оның ішінде 12-і уақытша жұмысқа орналасты. Ендігі кезекте басқа аудандар мен облыс орталығынан жастарды өзімізге тартуды көздеп отырмыз.

Жалпы биыл жастар бастамалары орталығына тағы 60-тан астам жас екі қолға бір күрек іздеп келген.

 

 

Риат Шони.