Без категории

Бейбіт күнді жақындатқан ардагерлер

Михаил Субботин- ҰОС ардагері.

-Соғыстың алғашқы күндері әрине қорқынышты болды. Тіпті қару ұстағанда, қолың дірілдеп, тісің-тісіңе тимей сақылдайтын. Оның үстіне ауылда, кең жерде өсіп үйренген балаларға, тар күркелерде тұру қиын болды. Кей кездері жаңбыр шелектеп құйып тұрады. Ал сен сол суда жатып, ұйықтайсың. Бірақ өмір деген бәріне үйретеді екен. Соған көзім жетті.

Ардагердің костюмі қазір түрлі медаль, ордендерге толы. Жалпы Михаил Субботин соғыста байланыс орнатумен айналысыпты. Нақ осының арқасында көптеген жауынгерлер уақытылы ақпарат алып отырған. Майданнан келген соң да қария қол қусырып отырмай, осы байланыс саласында еңбек етуін жалғастырыпты. Зейнеткер жаңалықтарды бір уақыт болсын қалт жібермейді. Хоккей десе, тіпті ішкен асын жерге қояды екен.

Михаил Субботин- ҰОС ардагері.

-Хоккей көргенді ұнатамын. Әсіресе, астаналық «Барыс» және Омбылық құрамалардың жанкүйерімін. Мықты ойнайды. Бірнеше күннен кейін елордалық команда кезекті ойынын өткізеді. Соны тағатсыздана күтіп жүрмін.

Қарт майдангер далада серуендегенді де ұнатады. Көзі көрмегендіктен, үй ауласынан алысқа ұзамайды. Бірақ күніне 1 рет міндетті түрде сыртқа шығып тұрады.

Михаил Субботин- ҰОС ардагері.

-Таза ауада жүрген пайдалы. Осы орындыққа келіп, 2-3 сағаттап отырамын. Суық болса, 1 сағатқа ғана шығамын. Жақын маңдағы үйлерден де зейнеткерлер келеді. Отырып әңгіме соғамыз.

Белсенді қария жеңістің 70 жылдық мерейтойын асыға күтеді. Бірақ ол денсаулығына байланысты алаңға шығып, қарт майдангерлермен мерекені бірге тойлай алмайтындығына қынжылады. Десе де, бүгінгі бейбіт өмірдің әр күні оған өте қымбат.

 

 

Магжан Ахмадина.