Қоғам

11 сәуір сенбілік өтеді

Қайролла Ғалеев- Петропавл қаласы әкімінің орынбасары.

-Іс шаралар жоспарына сай, қаланың 38 көшесі мен 48 ескерткіш, саябақтарда тазалық жұмыстарын жүргізетін кәсіпорындар мен азаматтар бекітілген. 328 кәсіпорынға ескерту қағаздары жөнелтілді. 600 пәтер иелері кооперативі мен 800 үйге де бұл ақпарат таратылды.

Сенбілікке қатысатын кәсіпорындар мен ұйымдар үшін қыруар жұмыс қарастырылыпты. Қоқысты шығару, ағаштардың түбі мен жол жиектерін әктеу, балалардың ойын алаңдарын қалыпқа келтіру, қаланың бірқатар көшелеріндегі шұрық-тесік жолдарды жөндеу және аялдама павильондарын жуу осы сынды тапсымалар белгіленген. Ауқымды шаруа тындырылуы тиіс. Әсіресе, жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында ескерткіштер мен саябақтарды аббаттандыруға көп көңіл бөлінбек.

Сара Тасеменова- қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы.

-Кеңес одағы батырларының есімдері жазылған екі арка бұзылыпты. Сол жердің көркін кетіріп тұр. Мереке қарсаңында олардың тиісті қалыпта болғаны маңызды.

Мамандар техника мен қажетті құрал-жабдықтар даяр дейді. Ағаштарды әктеу жұмыстарына ғана «Петропавл коммунхоз» ЖШС 5 тонна бояу дайындаған. Бұдан бөлек, сенбілікте серіктестіктің тиегіш машиналары мен самосвалдары, барлығы 22 техника тұрғындарға қолғабыс етпек. Қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бұл күні қоқысты тегін қабылдайтын болады. Осыған орай, қалалық әкімдікте жиын өтіп, жауапты мамандар сенбі күні өтетін маңызды шараны тағы бір пысықтады.

Виктор Скоробогатов- «Петропавл спецобслуживание» ЖШС директоры.

-Коммуналдық қызметтер кез-келген дүкен алдын жинайды. Неліктен кәсіпкерлер өздері шығып жинамасқа? Солай болса, кәсіпорын мамандары басқа жерде тазалық жұмыстарын жүргізер еді.

11 сәуір күні тазалық жұмыстары ғана жүргізіліп қоймай, сонымен қатар жасыл желек отырғызылмақ. Облыс орталығында 110 жас көшет егілетін болады. Жоспар ауқымды. Тек осының бәрі сапалы, әрі ерекше ұқыптылықпен орындалуы тиіс. Мұны қала әкімі Марат Тасмағанбетов қадап айтты.

Марат Тасмағанбетов- Петропавл қаласының әкімі.

-Тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, жолаушылары тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі сенбіліктің өтуін бақылауға алуы тиіс. «Петропавл коммунхоз» ЖШС сенбіліктен соң жиналған қоқысты тез арада шығарып үлгерсін. Ортақ іске барлығы міндетті түрде қатысуы қажет.

Мамандар аббаттандыру шараларына тұрғындар да білек сыбана кірісетіндігіне сенімді. Петропавлдықтар болса, акцияның өтуін қолдап отыр. Олар да сенбі күні қолдарына сыпырғыш, күрек ұстап қаланы тазалауға өз үлестерін қоспақ.

– Сенбілікке қатысу ол әр қала тұрғынының міндеті.

– Әрине қатысамыз. Қала ортақ үйіміз. Сондықтан оның әдемі болуы біз үшін маңызды.

– Сенбілікке қатысқан дұрыс деп ойлаймын. Ол маңызды.

Жалпы сенбіліктер 9 мамырға дейін, әр демалыс күндері жүргізілетін болады.

 

 

Магжан Ахмадина.