Билік

Су тасқынына қарсы сақтық шараларына әзірлік жүріп жатыр

Владимир Божко, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары.

-Құтқарушылардың инженерлік даярлығын байқадым. Олар апат болған жағдайда не істеу керектігін біледі. Іс-қимыл схемасын әзірлеп қойған. Қазір облыстық, аудандық әкімдіктерде төтенше жағдайлар бойынша комиссия өз жұмысын бастады. Жалпы 1 тоқсанда ел бойынша 86 облыстық комиссияның отырысы өтті.

Өңір жетекшісінің айтуынша, облыстағы су қоймалары 100 млн. текше метр суды қабылдай алады. Алайда , 5-7 күнен кейін сынап бағанасы 21 градустан асып, өзендер арнасынан шыққан жағдайда шұғыл әрекет ету топтары іске кіріседі. Яғни, төтенше жағдайға бүгіннен құрылыс пен интертті материалдар әзірленген, 1167 бірлік техника төтенше жағдайға сақадай сай.

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі.

-Біз өңірдегі барлық су қоймаларын аралап шықтық. Алдағы күндері қар тез ерімесе, жағдай қалыпты болады. Егер төтенше жағдай орын ала қалса, шұғыл әрекет ету тобы дайын. Біз су деңгейін үнемі бақылауда ұстаймыз.

Келер жылы 500 тұрғыны бар Заречный кентінде тұрғындарды топан судан қорғайитын дамба салынады деп күтілуде.

Облыста су тасқынының салдарын жою үшін 1167 дана техника дайындалған. Ал қалада түрлі қызметтерге жүктелетін 48 трактор, камаз, тиеуіш, көтергіш кран мен газельдер әзір. Барлығы қаладағы шұғыл әрекет ету тобының құрамына 29 түрлі қызметтің мамандары кіргізілген. ҚР ішкі істер министрінің орынбасары – Владимир Божко облыс орталығындағы арнайы мекемелердің де қызыл суға дайындығын байқады. Мысалы, апатты ауыздықтауға ат салысатын төтенше жағдайлар депаратментінің мамандарынан бөлек, апат орындарына білікті дәрігерлер де аттанбақ. Владимир Божко олардың жедел қызметіне өңірге арнайы жеткізілген тікұшақ өз септігін тигізетінін атап өтті.

Владимир Божко – ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары.

-32 тікұшағы облыс аумағында болады. Ол барлық қажетті құрылғылармен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Сондықтан, төтенше жағдай болса, тек сіздердің жедел әрекеттеріңіз ғана қажет болады.

Сонымен қатар, шұғыл әрекет ету тобының құрамына материалдық қамтамасыз ету тобының өкілдері кірген. Олар жапа шеккен азаматтарды азық-түлікпен, ыстық тағаммен қамтамасыз етпек. Одан бөлек, қаладағы “Қызылжар су”, “Севказэнерго” кәсіпорындары да су тасқынын ауыздықтауға өз күші мен техникасын жұмсамақ.
Жалпы шахарда атқарылатын жұмыстар барысымен мейманды Петропавл қаласының басшысы Марат Тасмағанбетов таныстырды.

Марат Тасмағанбетов, Петропавл қаласының әкімі.

-Алдағы су тасқынының салдарынан Челябі-Новосібір тас жолының бір бөлігі су астында қалады деген болжам бар. Сонымен қатар, Заречный кентіне қатынайтын автокөпір де уақытша пайдалануға жарамсыз болмақ. Осы кентте шамамен 10 үйді су басу қаупі бар. Бұл орайда, ондағы 28 адамға 13-мектептің базасында тамақтандыру орны ашылады. 400 метрлік жаяу жүргіншілерге арналған темір көпір тартылады. Былғары зауыты кентіндегі тағы 26 үйдің тұрғындарын да апат туралы ескерттік.

Тасқынның салдарын ауыздықтауға қаладағы су тазарту, су өткізу және су айыру мекемесі болса, 13 дана техникасы мен 60 жұмысшысын тартатын болады. Қазірдің өзінде кәсіпорынның қарамағындағы насостар еріген қардан жапа шеккен аудандарды құтқаруға жұмылдырылыпты. Ал мына Камаз көлігінің базасындағы кешен құбырлар мен арықтардағы қатқан мұзды жарып, жібітуге арналған.

Мәмбет Мұқанов – апаттық-су тасқынына қарсы бригаданың жетекшісі.

-Бұл техникамен біз каналдарда қатқан мұзды еріте аламыз. Сонымен қатар, өзі суды сорып ала алады. Барлығы біздің мекеме 200 шаршы метр ақ құм, 50 шаршы метр құм әзірледі.

Барлығы өңірде 18 мың тоннадан астам инерттік-құрылыс материалдары – құм, қиыршық тас, күл мен ақбалшық әзірленген. Сонымен қатар, апат бола қалса, құтқару техникасына арналған 150 мың тоннаға тарта жанар-жағар май дайындалды.

Берик Касен.