Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тәжік-Ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан ұлдарын елі еске алды

Сергей Каримов те Тәжік-Ауған шекарасында әскери борышын өтеген. 17 жерлесіміздің қазасын үлкен күйінішпен қабылдадық дейді ол.

Сергей Каримов, Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қимылдар мен әскери қақтығыстарға қатысушы.

-Мен сарбаздарды еске алуға жыл сайын Омбы қаласынан келіп тұрамын. Кезінде мен де сол Тәжік-Ауған шекарасындағы қарулы қақтығысқа өз ротаммен қатыстым. 1992 мен 97 жылдар аралығы біз үшін қиынға соқты. Бұл ұрыста қазақстандық батальонның үлесі орасан болды.

Бұл күні ескерткіш маңына ардагерлер, әскерилер мен оқушылар жиылды. Өскелең ұрпақ жауынгерлердің ерліктерін үлгі тұтуда.

Алмаз Тойсанғалиұлы, 6637 әскери бөлімінің сарбазы.

-Ол сарбаздар жастайынан қыршын кеткен. Олар әскери борышын орындады. Біз де олардан үлгі алып, қиын жағдайда тайсалмауды үйренуіміз қажет.

Гайда Мергенова, әл-Фараби мектеп-лицейінің оқушысы.

-Бұл адамдардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Біз жылда ескерткішке келіп гүл шоғын қоямыз.

Мына ескерткішке аттары қашалып жазылған қазақ жігіттерінің ерлігі ұмытылмақ емес. Шайқаста ажал құшқан жауынгерлердің бесеуі 2-дәрежелі “Айбын” орденімен, 12-сі “Жауынгерлік ерлігі үшін” медалдарымен марапатталған. Бұл – олардың өжеттілігіне көрсетілген құрмет.

 

 

Берик Касен.