Құқық қорғау органдары

Құқық қорғау органдарының ғылыми-практикалық конференциясы

Полиция қызметкерлерінің қылмыспен күресте жаңа заңдарға сүйеніп жұмыс істеп жатқандарына үш ай болды. Елімізде ағымдағы жылдың 1-ші қаңтарынан Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық-атқару және Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстер күшіне енген болатын. Жиында олардың бұрынғысына қарағандағы ерекшеліктері айтылды.

Облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова ғылыми-практикалық конференцияға қатысушыларды жиынның ашылуымен өңір басшысының атынан құттықтады.

Анархан Дүйсенова – СҚО әкімінің орынбасары.

-Елімізді ілгері дамытып, халқымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, қолданыстағы заңдардың тиімділігін арттыра отырып, қол жеткізуге мүмкіндік бар. Республикамыздың белгілі заңгерлерінің қатысуымен өткізіліп жатқан бүгінгі конференция бірқатар өзекті мәселелердің шешімін тауып, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыруына зор үлес қосады деген сенімдемін.

Үш ай уақыт Кодекстердің қаншалықты тиімді екенін айту үшін аз, бірақ оларды жасауда басты идея – құқықтық саясат концепциясын жүзеге асыру бағыты сақталынды дейді ҚР Әділет министрлігі Сот сараптамасы оралығының директоры Исидор Борчашвили.

Исидор Борчашвили – ҚР Әділет министрлігі Сот сараптамасы оралығының директоры.

-Бұл концепцияның екі бағыты бар. Яғни, бірі – қоғамға қауіп төндірмейтін қылмыстарды жазалауды жұмсарту, екіншісі – ауыр және аса ауыр қылмыстардың жазасын қатаңдату. Менің ойымша, Кодекстерде осы екі бағыт айқын көрініс тапқан.

Ғалымдардың айтуынша, осылайша, алдағы уақытта адамдардың құқықтарын жоғары деңгейге көтеруге толық мүмкіндік бар. Өйткені, қолданыстағы жаңа заңдар халықаралық деңгейге сай келеді.

Марат Бәшімов – ҚР Президенті жанындағы адам құқығы жөніндегі комиссиясы сараптама кеңесі басшысының орынбасары.

-Біздің ескі Қылмыстық Кодекс, Қылмыстық-процессуалдық Кодексіміз халықаралық деңгейге жетпейтін. Біз биыл Конституциямыздың 20 жылдығын тойлаймыз. Қазіргі Қылмыстық Кодекс, соның бәрін Конституция бойынша жоғары көтеріп, еуропалық стандарттарға, еуропалық конвенцияларға сәйкес келеді деп айтуға болады.

Полиция қатарындағы жас мамандар мұндай жиындар жаңа заңды дұрыс қолдануға, қылмыстық іс жүргізуді сапалы атқаруға септеседі. Бүгінгі ғылыми-тәжірибелік конференция осынысымен маңызды дейді.

Гүлмира Сағитова – Петропавл қаласы ІІБ екінші полиция бөлімі тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі.

-Жаңа және бұрынғы кодекстерді, яғни Қылмыстық іс жүргізу мен Қылмыстық кодексті салыстырғанда әжептәуір енгізуер бар деп санаймын. Бұрынғыда, мысалы, кісіні күдіктеп, сосын айыптайтын болса, қазіргі кезде тек қана күдікті болып саналады. Айыпталу деген жоқ қазір. Сонымен, қатар қазіргі кезде 45 бап бойынша мүлікті конфискациялау алынып тасталды.

Бұдан кейін ғылыми-тәжірибелік конференция секциялық отырыстарда жалғасты.

 

Данаш Хамзина.