Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір шаруалары көктемгі дала жұмыстарына қызу дайындалуда

«Шағала- Агро» ЖШС соңғы кездері осы бидай тұқымына басымдық берген. Бір ай бұрын серіктестік Ресейдің Қорған облысынан тұқымдыққа 360 тонна осы ырыс дәнінен әкеліпті. Тағы Шортандыдан 30 тонна «Астана» сортынан жеткізген. Білікті агроном Владимир Шершнев олардың теріскей ауа-райына қолайлы екендігін алға тартуда. Оған серіктестік 22 млн теңгеден астам қаржы жұмсапты. Жуық арада мұндағылар қаптарға тиілген ырыс дәнін аурулардан және зиянкестерден сақтау үшін дәрілемек.

Владимир Шершнев- «Шағала- Агро» ЖШС директорының орынбасары, Қызылжар ауданы.

-Мамыр айынан бастап бидай дәрілеуді бастаймыз. Биыл көктем ерте келгенімен күн суық. Тұқым қоймада көп жатып қалды. Сондықтан ауруға шалдығуы мүмкін. Сол себепті міндетті түрде бұл жұмыстарды жүргізу керек. Жалпы біз биыл элиталы тұқымдарды өсірумен айналыспақпыз.

«Қыс арбаңды, жаз шанаңды сайла» демекші кәсіпорын ертеден жанар- жағармаймен қамтылыпты. Олар 100 тонна арзандатылған дизельдік отын алған. Серіктестіктің машина- трактор паркі да 90 пайызға даяр. Жалпы мұнда 20 заманауи техника бар. Қазір жұмысшылар оларды көктемгі дала жұмыстарына дайындап жатыр.

Алексей Шойко- «Шағала- Агро» ЖШС механизаторы, Қызылжар ауданы.

-Қазір егіс жұмыстарына техниканы дайындап жатырмыз. Қосалқы бөлшектер уақытылы жеткізіліп тұрады. Қоғалтқыш, барлық желілерді толық тексеріп, олқылықтар анықталса, дереу жөнге келтірудеміз.

Биыл тағы техника алу көзделген. Жалпы «Шағала- Агро» ЖШС 8 мың гектар жерге ырыс дәнін сіңіруді жоспарлаған. Егу жұмыстарын мамыр айында бастамақ. Айта кеткен жөн, өткен жылы қолайсыз ауа райы бола тұра, серіктестік гектарынан 27 центнер өнім алыпты.

 

Магжан Ахмадина.