МТРА жаңалықтары

Католик сеніміндегілер пасха мейрамын атап өтті

Антонина Бутырева.

-Мен бүгін шіркеуге қызым мен жиенімді ерітіп алып келдім. Олардың дінге жақын болғанын қалаймын. Қазір қандай дінде болмасын адамдар құдайды тек қиын кездерде ғана еске алады. Ал жақсы істер болып жатса, құдайға шүкіршілік етпейді. Сол себепті де өз туысқандарымды ол әдеттен аулақ болсын деп алып келдім. Барлық католиктерді Пасха мейрамымен құттықтаймын.

Пасха мейрамын христиан дінінің өкілдері әлемнің түкпір-түкпірінде тойлайды. Петропавлдағы «Святая Троица» приходына келген католиктер де діндестерінен қалыс қалып жатқан жоқ. Жиналған жұрттың барлығын бұл мейраммен облыс әкімінің атынан орынбасары Анархан Дүйсенова құттықтады.

Анархан Дүйсенова – СҚО әкімінің орынбасары.

-Бүгінгі нұрлы мейрамның басталуымен сіздерді облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан құттықтаймын. Отбасыларыңызға бақыт тілеймін. Бүгінде елімізде тұрып жатқан барлық дін өкілдері татулық пен бейбітшілікте өмір сүріп жатыр. Бұл Елбасының салиқалы саясатының арқасында. Алдағы уақытта да осылай түсінушілікте өмір сүре берейік.

Пасха 2-ші ғасырдан бастап христиандардың ресми діни мейрамына айналған. Бұл күн Христостың өліп, қайта тірілуінің құрметіне пайда болған. Христиандар Иса пайғамбарды құтқарушы және құдайдың ұлы ретінде таниды.

Томаш Якубчак – «Святая Троица» приходының настоятелі.

-Қазір біздің шіркеуде Пасхалық кешке арналған дұға оқытылады. Кеше біз Иисус Христостың біз күнәхарлар үшін крестте өлгенін еске алдық. Дұғалар оқылғаннан кейін түнде шіркеудің алдында крест шеруі болады. Онда барлық католиктер бір ауыздан «Христос Воскрес» деп айтады. Жалпы бұл мейрам біз үшін өте маңызды.

Бұл күні барлық католик сенімінділер шіркеуге келіп мінәжат етіп, өз азықтарын қасиетті сумен аластауда. Сонымен қатар, қасиетті үйдің алдында от жағып, пасха шырақтарын тұтатты. Кейін барлығы жарығы өшкен шіркеуге кіріп, кешкілік дұғаларын оқиды. Айта кету қажет, қазіргі күнтізбе бойынша Пасха уақыты жылда айдың әр күніне түсіп отырады, бірақ бұл мейрам жексенбіде тойланады. 2015 жылы католик шіркеуі Пасханы сәуірдің 5-і күні, ал православтар 12 сәуірде тойлайды. Ал бұл мейрамның басты нышаны түрлі түске боялған жұмыртқа болып табылады.

 

Риат Шони.