Без категории

Ешкімде ешқашан ұмытылмайды

Василий Терещенко – Ұлы Отан соғысының ардагері.

-Соғыс жылдары небір оқиғаларды бастан кешірдім. Мысалға, мына “Жауынгерлік еңбегі үшін” төсбелгісі жаныма ерекше жақын. Бір жолы жаудың қоршауында қалдық. Дегенмен, “Отан үшін” деген ұранмен, амалын тауып саны жағынан көп фашистерге тойтарыс бердік.

Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Терещенко әскер қатарына 1940 жылы шақырылып, содан бейбіт қызмет майдандағы арпалысқа алмасады. 19 жасында әскери борышын 20-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының 359-шы атқыштар полкінде өткерген жауынгер Польшаға жолданып, сол жерде алғаш рет жаумен ұрысқан.

Василий Терещенко – Ұлы Отан соғысының ардагері.

-Бізге 1941 жылдың 22-ші маусымында таңғы сағат төртте Брест қамалы маңында неміс солдаттары шекараны бұзды деген суыт хабар келді. Алғашқы жаумен сол күні арпалыстық. Біздің құрамдағы жауынгерлер саны жағынан аз болғандықтан, артқа шегінуге тура келді. Кейін өз әскери бөлімімізге жетіп, сол жерде жаңадан жасақталған жаяу барлаушылар тобының құрамына кірдім.

Сөйтіп, Василий Терещенко соғысты басынан аяғына дейін көріп, жауды жеңуге өлшеусіз үлесін қосады. Абырой болғанда, ұрыс даласында бір де бір жарақат алмапты. Қария соғысқа дейін Петропавлдағы фабрика-зауыттық училищені бітіргендіктен, ұрыстардың арасында қару-жарақты жөндегенін айтады. Қарудың аздығынан, жоқтан бар жасауға тура келген екен.

Василий Терещенко – Ұлы Отан соғысының ардагері.

-Ол кезде түн демей, күн демей тынымсыз күніне 20 сағаттан жұмыс жасадық. Өйткені істен шыққан қару-жарақ саны артып кетті. Мұнымен бірге әскери техниканы да жөндеуге тура келді. Соғыс жылдары әсіресе қолынан іс келетін, шебер адамдар аса тапшы болды. Ал 1945-ші жылға қарай жаулап алынған елді-мекендерді азат етуге ат салыстым.

Қайғы мен қасіретке толы соғыс 1945 жылдың 9 мамырында аяқталса дағы, Василий Терещенко – үйіне тек 1946 жылы оралыпты. Жеңіс жауынгері бірден Петропавлдағы ауыл шаруашылығы техникаларын жөндейтін зауытқа қызметке тұрады. Сөйтіп, 30 жыл бойы сол кәсіпорында темір ұстасы мамандығы бойынша еңбек етіп, құрметті еңбек демалысына шығыпты. Қазірде 96 жастағы қария 2 ұлынан 4 немере сүйіп отыр.

 

 

Бакыт Садуакасов.