Мәдениет

Дәстүрлі “Каблучок” байқауы өтті

Қазақ, татар, өзбек, орыс халқының билері. 130 астам ұлт өкілдері өмір сүретін біздің елімізге бұл туындылардың ешқайсысы да таңсық емес. Дәл қазір сахнада шаштарына қызылды-жасылды лентасы бар гүлтәжін киген бишілер жүр. Бұл украин ұлттық биі «Веснянканы» билеп жатқан, «Бұлақтар» ансамбілі.

Шеберліктерін шыңдауда бәсекелестік неғұрлым мықты болса, нәтиже де арта түсетіні анық. Қазылар алқасы жыл сайын сайыскерлердің санымен қатар, сапасы өсіп келетінін алға тартады.

Ирина Колодаева, СҚО балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы директорының орынбасары.

-Бәрінен бұрын біз орындау шеберлігі мен көркемдік жетекшінің қойылымдық техника жағынан жасаған жұмысын бағалаймыз. Әрине, оның ішіне сапа мен еңбек, әртістік шеберлік пен сахнада өзін өзі ұстауы да кіреді. Осының бәрі ұштасқанда ғана шығармашылық топ жетістікке жете алады.

Бұл 12-15 жас аралығында өнер көрсетіп жатқан Ақжар ауданынан келген “Айтұмар” би тобы. Олар былтырғы жылы 1-ші орынды еншілеген. Бүгін сахнада тек қана аяқ қимылын кірістірген ирландықтардың халық биін орындады. Шығармашылық топтың мың бұралған биші қыздары әрбір дене қимылымен композицияның мазмұнын жеткізуге тырысып бақты.

Аружан Жәкен, “Айтұмар” хареографиялық би ансаблінің мүшесі, Ақжар ауданы.

-Бұл шығарманы орындауға көп дайындық жүргіздік. Өйткені “Арлан” биі күрделі әрі ерекше би. Аяқты созып, тізені әдемі бүге білу керек. Екі аяққа көп күш түседі, оның үстіне арқаны тік ұстау қажет. Ал қолымыз бел тұсында болуы керек.

Сайыс соңында үш жас аралығында әр аталымның үздік үштіктері анықталып, марапатқа ие болды. 9-11, 12-15 жас аралықтарында бірінші орынға тағы да Ақжар ауданының “Айтұмар” тобы лайық деп танылды. Жүлделерден бөлек, бастысы ұжымдар өз араларында тәжірибе алмасып, шеберлік шыңдалды.

 

 

Акбопе Танирберген.