Спорт

Петропавлда “соқыр боулингтен” қалалық турнир өтті

Данил Кряжок – “Соқыр боулинг” турнирінің қатысушысы.

-Біз отбасымен жиналып, әр жексенбі сайын боулинг ойнауға келіп отырамыз. Бұл спорт түрі маған өте ұнайды. Бүгінгі “соқыр боулинг” турнирінде ең жоғары ұпай жинап, жеңіске жететініме сенімдімін.

Ал, Руслан Искаков боулингпен 10 жыл бойы айналысып келеді. Бүгін ол кәсіби ойыншылардың қатарында. Жерлесіміз “Соқыр боулингте” бұған дейін де бағын сынапты. Айтуынша, бүгінгі қарсыластары оңай жарылар жаңғақ емес, барлығы да өте мықты.

Руслан Искаков – “Соқыр боулинг” турнирінің қатысушысы.

-Турнирге келген ойыншылардың көбі менің достарым. Олар талай жылдан бері “соқыр боулингке” қатысып келеді. Менің ойымша, қарсыластарымның жеңіске жетуге шамасы бар.

“№1 Боулинг-Орталығы” ойын-сауық кешенінде өтіп жатқан “Соқыр боулинг” турнирінде 18 жерлесіміз бағын сынады. Бұл жарыста жас ерекшеліктеріне қарай шектеу жоқ. Десе де, ойынның ережесі бойынша нәзік жандылар мен 15 жасқа дейін жасөспірімдерге әр ойында қосымша 10 ұпайдан беріледі. Өйткені, бұл сында нағыз кәсіби боулинг сүйерлер де бақ таластыруда.

Ботагөз Жүнісова – “№1 Боулинг-Орталығы” ойын-сауық кешені директорының орынбасары.

-Бұл турнирде боулинг жолағы кенеп матамен жабылған. Ойын барысында қатысушы жолақты да, кеглиді де көре алмайды. Мата адам тұрып, доп лақтыратын орыннан 1 метр қашықтықта орналасқан. Осылайша, ойыншылар соқыр тәуекелге бел буады.

Турнирдің қорытындысы бойынша, бірінші орынды Роман Смирнов жеңіп алды. Ал, екінші орынға Александр Леус жайғасса, үздік үштікті Дмитрий Кряжок тұйықтады. “№1 Боулинг-Орталығы” үздік ойыншыларға ақшалай сыйлықпен флаерлерді сыйға тартты.

 

 

Сагыныш Маркашева.