Аптадағы маңызды жаңалықтар

Көктемгі су тасқынына дайындық облыс басшылығының назарында

Бауыржан Мусин – Прибрежное селолық округінің әкімі, Қызылжар ауданы.

-Биыл учаскеге облыстық қордан қаржы бөлінді. Наурыз айында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 380 метрге қосымша 200 метр қосылды. Енді алдағы уақытта Тепличное селосының тұрғындары Есіл тасыған кезде су астында қалмайды деген ойдамыз.

Өткен жылы Есіл өзені тасығанда Тепличное селосының бөгетінде 10 метрлік жарық пайда болыпты. Бұл тұрғындарды біраз үрейлендірген көрінеді. Жуырда атқарылаған жұмыстың нәтижесін көруге келген өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов, көктемгі су тасқынына сақадай сай болу керектігін ескертті. Сонымен қатар Уәлиханов ауданындағы Сілеті су қоймасын да жіті бақылаудан шығармауды тапсырды.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

-Көктемгі су тасқынына қосымша техника, қапшықтарға салынған құм мен жедел әрекет ету қызметі дайын. Келер аптаның басында Уәлиханов ауданындағы Сілеті су қоймасын тағы бір мәрте қарау қажет. Бүгінде қоймадан тәулігіне 3,5 млн. текше метр су босатылады. Енді жағдай 7-8-ші сәуірге дейін тұрақтайды деген ойдамыз.

Жалпы облыс бойынша 18 елді-мекен, 302 шақырым автожолдар мен 20 шақырым темір жолдың көктемгі тасқын кезінде су астына қалу қаупі бар. Бүгінде бұл бағытта қыруар жұмыстар атқарылып, тиісті қаражат бөлінуде. Облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко айтып келмейтін апатқа сақадай саймыз дейді.

Владимир Бубенко – СҚО әкімінің орынбасары.

-Көктемгі су тасқынының алдын алуға облыстық қазынадан қаражат бөлінді. Ол тиісті бағыттар бойынша жұмсалуда. Мысалы мына Тепличное селосының дамбасын қайта жөндеуге 4 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалды. 10,5 млн. теңге төтенше жағдайлар департаментіне, космомониторинг – апатқа байланысты болып жатқан жағдайларды әуеде ұшып бақылауға бөлінді.

Биыл өңір бойынша көктемгі су тасқыны сәуірдің тоғызына сәйкес келеді деп күтілуде. Ол күні синоптиктер ауа райы жауын-шашынды болады дейді.

 

 

Риат Шони.