Балалар

СҚО-да Балалар әлем ырғағымен фестивалі өтті

Азира Кабиева – Мерей өнер мектебінің 3 сынып оқушысы, Қызылжар ауданы.

-Мен Қызылжар ауданының атынан келіп отырмын. Ұлттық нақышта әндер орындап жүргеніме 3 жылдан асты. Бүгінгі сайыста Марат Омаровтың “Қыз сынын” орындаймын. Қатты қобалдып тұрмын, жүлделі орын иеленгім келеді.

Биыл “Балалар әлем ырғағында” фестивалін Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтарының Федерациясы мектеп оқушыларының арасында алғаш рет өткізуде. Сайысқа өңірдің түкпір-түкпірінен келген 40-қа жуық жас дарын қатысып отыр. Олар ән айту, хареография және түрлі музыкалық аспаптарда ойнау номинациялары бойынша өнер көрсетуде.

Әсет Ерман – Дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 9 сынып оқушысы.

-Мені сайысқа анамдай болып кеткен ұстазым Тойкен Кабиевна дайындады. Домбыра мектебіне 6 жылдан бері қатысамын. Бүгін Махамбеттің “Қиял қырғыны” күйін орындаймын.

Барлық қатысушылардың ішінен әр аталым бойынша тек 1 үміткер ғана іріктеліп алынады. Сөйтіп, жүйрік атанған 3 оқушы бір жұма бойы Алматыда өнер майталмандарының шеберлік сыныбына қатысады. Одан кейін еліміздің мәдени ордасындағы Республикалық конкурстың финалында әр қаладан іріктелген ең үздік жас өнерпаздармен бақ сынасатын болады.

Сабина Чукаева- Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО Клубтары Федерациясының бас хатшысы.

-Бұл сайыс Қазақстанның әр қаласында өтеді. Оған 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер қатысады. Бұрын “Балалар көзімен” деп аталатын суретші балалар фестивалі болды, биыл шараның көкжиегін кеңейтіп, ән, би, музыка өнерін де қамтып жатырмыз.

Сайыс наурыз айында Шығыс Қазақстанда бастау алған бүгін Солтүстік және Батыс өңірлерінде жалғасын тауып отыр. Ендігі кезекте, Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО Клубтары Федерациясы “балалар әлем ырғағында” байқауын екі жылда бір өткізуді жоспарлап отыр.

 

 

Акбопе Танирберген.