Білім

Облыс орталығында ҰБТ тапсыратын түлектердің ата-аналарымен кездесу өтті

Гүлмира Каримова – қалалық білім бөлімінің басшысы.

-Әрбір 11 сынып оқушыларының алдында үлкен сын – ҰБТ тұр. Одан сүрінбей өту әр түлектің арманы. Оны жүзеге асыруда біз ата-аналармен кездесу өткізіп, оларға емтиханның ережелерін түсіндіреміз.

Кездесуге келген ата-аналар мен ұстаздардың барлығы тестілеу жайлы берілген ақпараттарды мұқият тыңдауда. Солардың ішінде Роза Құрманғожина да бар. Биыл нәзік жандының қызы мектепті аяқтап, үлкен өмірге бастайтын емтиханды тапсырады екен. Оның айтуы бойынша осындай ұйымдастырылған шаралар түлектердің ата-аналары үшін де өте қажет.

Роза Құрманғожина – ата-ана.

-Осындай кездесулер ата-аналар үшін өте қажет. Өйткені біз өз балаларымыз үшін қатты қобалжып, алаңдаймыз. Балаларымыздың болашағын ойлаймыз.

Жалпы Петропавл қаласындағы 39 мектептің 32-і ҰБТ-ге қатысады. Бұл шамамен 800-ден астам түлек. Олардың барлығы емтиханды жергілікті жоғарғы оқу орны – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де тапсырады. Бұл түлектер 11 жыл бойы мектеп қабырғасында алған білімдерін сынақ кезінде тиісті деңгейде көрсетулері қажет. Бұл ретте оқушылардың ата-аналары өз балаларын тестілеуге психологиялық жағынан да мықты дайындап, қолдау көрсеткендері жөн дейді ұстаздар.

Татьяна Терейковская – «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ СҚОФ аға оқытушысы.

-ҰБТ-еу алдында ата-аналар өз балаларына әрдайым көңіл бөліп отырулары қажет. Үнемі кітаптың алдында отырғызып қоя бермей, таза ауамен серуендеуге жібергендері абзал. Өйткені өзінің болашағын анықтайтын сынақ алдында оқушылар қатты қобалжып, күйзеліске ұшырайды. Сол себепті де балаға демеу көрсетіп, тірек болу қажет. Сонда ғана нәтиже қанағаттанарлықтай болады.

Былтырғы жылы Петропавл қаласы бойынша 552 түлек ҰБТ тапсырып, орташа 80,95 ұпай жинаған екен. Ал биыл сынаққа қатысатын оқушылардың саны әзірге 894. Маңызды науқанға тіркелу ел бойынша 25-ші сәуірге дейін жүргізіледі.

 

 

Риат Шони.