Без категории

Соғыс ардагерлері мерейтойлық медальдармен марапатталды

Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Елена Балло мерейтойлық медалді 90 жастағы қарт майдангердің кеудесіне тағып, қолындағы бір құшақ гүлін сыйлады.
Сондай-ақ, қаладағы диспетчерлік қызметтердің бірі қарияға Такси көлігімен бір жыл бойы тегін жүру мүмкіндігін ұсынды.

Наиль Абраев – “Империал” такси диспетчерлік қызметінің директоры.

-Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында біздің ұжым Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне осындай сый жасауды ұсынды. Бұл игі шара сәуірдің 1-нен бастау алып отыр. Ұрпақ үшін, бейбіт өмір үшін жанын шүберекке түйген жандарға үнемі құрмет көрсетуді ұмытпауымыз қажет.

Андрей Ягодиннің екі баласы бар. Екеуі де Соколовка селосында қызмет етеді. Ал, өзі жалғыз тұрады. Бірақ, бала-шағасы жиі келетін көрінеді. Қария екі ұлынан 5 немере, 9 шөбере сүйген.
Ардагер Петр Гладков Бірінші Украин майданына қатысқан. Соғыста жүріп екі рет жараланыпты. Жасына қарамастан, қоғамдық шараларға жиі барады екен. Жастарға Отан үшін болған отты жылдар жайлы, аталарының ерлігі туралы әңгімелеуден жалықпайды. Бүгін оның да көңілі ерекше көтеріңкі. 90-дағы қарияның кеудесінде жарқырап тұрған медальдары бүгін тағы біреуімен толықты.

Мереке Мұхамедияров – Петропавл қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы.

-Мерекелік медальдармен Петропавл қаласы бойынша 6 мың 605 азамат наградталатын болады. Соның ішінде 152-сі – соғыс ардагерлері мен мүгедектері. Сондай-ақ, Ленинград блокадасына қатысушылар, тыл ардагерлері және де сол кездегі партизанда болған ардагерлер марапатталады.

Ұлы Отан соғысына Василий Макиенконың өзі де, әкесі де қатысыпты. 43 жылы шақырту алғанда 17 жаста ғана болдым дейді. Содан 7 жыл өткенде барып елге қайтады. Үшінші Белорусь майданында болған ардагер Жеңісті Кеннисбергте қарсы алыпты.

Василий Макиенко – Ұлы Отан соғысының ардагері.

-Бірде бізге Белоруссияға бір отар қойды алып баруды тапсырды. Құстардың сайрағанын естіп, егіс даласымен келе жаттық. Әйтеуір, соғыстың аяқталғанына сендік қой. Сондағы кеудеміздегі қуанышты сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Соғыстан Василий Макиенконың әкесі ауыр жарақатпен оралған. Өзі елге келген соң қызметін аудандық әскери комисариаттан бастаған.

 

 

Данаш Хамзина.