МТРА жаңалықтары

Кезекті тәртіптік кеңестің отырысы өтті

Самат Темірбаев – облыс прокурорының көмекшісі.

-2014 жылдың қаңтар айында Уәлиханов ауданының азаматы жұмыссыз ретінде жәрдемақы алу үшін өзін есепке қою жөнінде өтініш жазған. Сөйтіп, 13 қаңтарда Өміртасов есепке қойылады және оған 41 мың теңгеден астам соманың жәрдемақысы төленеді. Кейін, 24 қаңтарда ол жұмыссыз ретінде есептен шығады. Ал бұл жөнінде мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығына хабарланбаған. Кейін бұл азамат тағы жұмыссыз ретінде есепке алынып, қайта жәрдемақы төленген.

Сөйтіп, ел қазынасына 80 мың теңгеден астам шығын келтіріліпті. Бұндай олқылыққа жол берген мемлекеттік қызметші өз кінәсін мойындап отыр. Бұл қателік абайсыздықтан орын алды дейді ол.

Гүлжан Қадырова- Уәлиханов ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары.

-Шынымен де ондай оқиға ауданда орын алған. Азаматқа жұмыссыз деп анықтама беріліп, жәрдемақы төленді. Мен бас маман әкелген құжаттарды тексерместен, қол қойып жібердім. Өз кемшілігімді мойындаймын. Қазір бұл қызметкерге қатаң сөгіс жарияланды.

Ал орынбасардың өзіне кеңес мүшелерінің ұсынысы бойынша қызметіне толық сай емес деген шешім шығарылды. Отырыста қаралған келесі істің де шырмауы көп. Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Талғат Наурызбаев бұрын істі болған Гүлнар Хасеноваға Жамбыл аудандық ветеринарлық станциясын басқаруды сеніп тапсырған. Ауру қалса да әдет қалмайды дегендей, мекеме директорының міндетін атқарушы тағы қызметтік өкілеттігін пайдаланып, заңды белшесінен басқан.

Шоқан Құлданов- Жамбыл ауданының прокуроры.

-Хасенова Конституция күні қарсаңында өзіне және бас есепшісіне заңсыз сыйақы тағайындау жөнінде бұйрық шығарған. Мұндай шаралар жыл бойы, барлық мемлекеттік мерекелерде жалғасқан. Бұдан бөлек Хасенова ешбір негізсіз кәсіпорында бар 5 электр генераторын серіктестікке өткізген.

Кеңес мүшелері Талғат Наурызбаевқа сөгіс жарияласа, бармақ басты, көз қыстылыққа жол берген Гүлнар Хасенованы жұмыстан босату жөнінде шешім шығарды.

 

 

Магжан Ахмадина.