Қоғам

Ұлыстың Ұлы күні – Әз наурыз

Облыс орталығындағы «Достық алаңында» бүгін ерекше көрініс. Мұнда ақшанқай киіз үйлер тігіліп, қысылтаяң қыстан аман шыққан азаматтар бір-бірімен көрісіп, арқа-жарқа болып жатыр. Әз-Наурыз, яғни жаңа жыл мерекесін ақ ниетпен тамашалауға келген Солтүстік Қазақстандықтарды, күлімдеген көктемнің шуақты мейрамымен өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов құттықтады.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

-Қымбатты қонақтар! Сіздерді Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын шүректен құттықтаймын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жолдауында: «Бейбітшілікпен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік» – деп атап көрсетті. Ел игілігіне қатысты істерді жүзеге асыруда халықтың ауызбіршілігі ерекше. Тәуелсіздікпен қайта оралған Наурыз мейрамы салт-дәстүріміздің, тіліміз бен дініміздің, бірлігіміз бен татулығымыздың дамуына себепші ұлы мерекеге айналды. Тәуелсіз халқымыздың бірлігі мен татулығы нығайып, еліміздің көк байрағы биіктерден көрінсін. Молшылық пен ырыстың мерекесі – Наурыз мерамы әр отбасына қуаныш пен молшылық сыйласын. Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын.

Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-наурызды бүгінгі күні барша Шығыс халықтары атап өтеді. Яғни бұл мейрам ежелгі заманнан бері қалыптасқан. Салтанатты шара барысында Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрының әртістері Наурыз мерекесіне арналған көріністерден үзінді қойды.

Әуезді ән, күмбірлеген күй, мың бұралып билеген бишілер. Осының барлығын жұртшылық меркелік шарада тамашалай алды.

Бұл жолғы мереке түрлі іс-шараларға толы болды. Мәселен, мына боз кілемде жауырыны жер иіскемеген палуандар қазір қазақша күрестен сынға түсіп, өзара мықтыны анықтап жатыр. Жарысты тамашалаған соң, облыс әкімі Ерік Сұлтанов ақшаңқай киіз үйлерді аралады. Аудандардан келген қонақтар, өңір жетекшісін қазақи түрде домбырамен қарсы алып, түрлі ұлыстардың ұлттық тағамдарынан дәм ұсынды. Мамлют ауданынан әкелінген үш метрлік бәлішті кесу рәсімі де өңір жетекшісіне бұйырды.

Айта кету қажет бұдан соң Ерік Сұлтанов мерекеге орай ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесін тамашалады. Сөреге шығарылған азық-түліктің сапасы жақсы, әрі экологиялық таза отандық өнім. Наурыз мейрамы Қазақстан Конституция көшінде де жалғасын тапты. Достық үйі маңында түрлі этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері қонақтарға өз өнерлерін паш етті. Ал қалалық әкімдік алдында құрылған этномәдңни ауылда Қыдыр ата жиналғандарға өз батасын берді. Кейін облыс әкімі Ерік Сұлтанов қаламыздың кішкентай тұрғыны Әмірхан Досаевтың тұсауын кесті. Ләззәт Ерғожина Әмірханның әжесі. Немересінің тұсауын облыс әкімі кескеніне қуанышты.

Ләззәт Ерғожина – Әмірханның әжісі.

-Ұлыстың ұлы күні менің немеремнің тұсауын облыс әкімі кесті. Сол кісі сияқты елдің қалаулы азаматы болсын. Халқына қуаныш, бақыт әкелсін. Баршамызды наурыз мерекесімен құттықтаймын. Бәріне амандық тілеймін. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын.

Татулықтың, достықтың символына айналған мереке күні барша азаматтар өздерінің жылы лебіздерін білдіріп жатты.

-Келген наурыз құтты болсын. Алла Отанымызға тиыштық беріп, деніміз сау болып, Наурыздан наурызға жете берейік.

-Көңіл күйім жақсы. Ақ мол болсын. Халыққа тек ған тиыштық болсын дегім келеді. Қазақстан гүлдене берсін.

-Ұлыстың ұлы күні құтты болсын. Бүгінгі мереке өте жақсы. Халықтың көңіл күйі керемет. Барлығына осы мереке құтты болсын.

Айта кету керек мереке Петропавлда үш күн тойланатын болды.

 

 

Самат Джакупов.