Қоғам

Н.Погодин атындағы орыс драма театрында “Қош келдің, әз наурыз” атты облыстық ақындар айтысы өтті

Облыстың әр түкпіріннен жиналған суырып-салма ақындардың айтысына “Қош келдің, әз наурыз” тақырыбы арқау болды. Қоғамда болып жатқан оқиғаларды жіті назарларында ұстайтын жас ақындар жыр сайысында өзге салаларды да қозғап, жан-жақтылықтарын көрсетті. Айыртау ауданынан келген Мұхаммед Қоңқаевтың айтысқа ден қойғанына 5 жылдың жүзі. Осы уақытта аудандық шараларда, тіпті аймақаралық сөз бәйгелерінде жүлделерді еншілеп үлгеріпті. Ал бұл жолғы Ұлыстың Ұлы күніне арналған айтыстың жөні бөлек дейді жерлесіміз. Қарсыласы да, Жарқын Жұпархан – осал ақын емес.

Шал ақын ауданының атынан шыққан айтыскер Жарқын Жұпархан қарсыласына осалсың деп тиісті. Оған Мұхаммедтің жауабы әзір.

Мұхаммед Қоңқаев, айтыскер ақын, Айыртау ауданы.

-Тарихты білмей болашақты болжау мүмкін емес. Мен айтысқа шығардың алдын міндетті түрде бір шығарма оқып тұрамын. Жақында Ілияс Есенберлиннің “Көшпенділер” трилогиясын оқып шықтым.

Жалпы айтыс өңірде жылына екі рет өткізіледі. Бірі ел тәуелсіздігі күніне арналса, екіншісі ұлыстың ұлы күнінде қанатын кеңге жаяды. Бұл жолғы облыстық байқау Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылған. Шығармашылық сайысқа барлығы 10 жерлесіміз қатысты. Қатарында халықаралық деңгейде топ жарғандар да бар.

Екпін Сәветхан, айтыскер ақын, Ғ.Мүсірепов ауданы.

-Ата-бабамыздың ізін жалғап осы айтыс өнерін жалғастырып келеміз. Мен барлық ақындарға сөз сайысында сәтілік тілеймін.

Суырып-салма ақындардың сахнадағы сөз саптау өнері мен мақамына жергілікті жазушылар, профессорлар мен халық қалаулыларынан құралған әділ-қазылар өз бағаларын берді.

Дәстен Баймұқанов, ақын, сазгер.

-Ең алдымен үміткердің сөз саптауына жіті мән береміз. Оның әрбір сөзі көрерменге ой салып, көңілінен шығатындай болуы тиіс. Екіншіден, мақамына қараймыз. Себебі, сөзі қаншалықты ірі болса да, оны мақаммен жақсылап жеткізу бір бөлек нәрсе.

Айтыскерлердің өнері жиналған жұрттың көңілінен шықты.

-Былтырғыға қарағанда ақындардың шығармашылық деңгейі біршама өскендігі байқалады. Мына, Жұмабек, Қуаныштың сөз саптауы, келтірген мысалдары орынды болды.

– Айтыс ата-бабамыздан келе жатқан өнердің бір түрі. Бұны қазір жастардың қастерлеп-бағалап жүргені орынды. Бүгінгі айтыс жақсы деңгейде өтті.

 

Берик Касен.