Қоғам

Наурыздың М.Жұмабаев көшесінде тойлануы

Сахнада тұрғындарға Наурыз туралы театрландырылған қойылым ұсынылды. Өнер ұжымдарының әуелеген әні бүкіл маңайға естіліп, жайма-шуақ көктемнің келгенін білдіргендей ерекше бір көңіл-күй сыйлайды.

Осы маңда шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін көрсетсе, бір бүйірде спортшылар белдесті. Шымыр денелі палуандар бір-біріне дес бермей, күштерін байқасып, арпалысуда. Түйе балуандардың күресін қалың қауым тамашалады. Петропавлдағы Әскери институттың намысын қорғаған халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қазақ күресінен Азия чемпионатының күміс, қола жүлдегері Айбек Хырыхбай соңғы қарсыласын жығып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Сыйлыққа қошқар берілді.

Айбек Хырыхбай – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Петропавл қаласы.

-Осы жарыста 3 белдесу өткіздік. Жеңіске жетіп, жеңімпаз атандық. Төлеген Жетпісбаев – салмағы аздау. Бірақ, ол – өз салмағы бойынша жеңіске жетіп жүрген жігіт. Бұл жерде түйе балуан болғандықтан, салмаққа қарамайды, 80 кг-нан жоғары қарай барлығы күресе береді.

Наурыз тойының тағы бір сәні – “Жілік ұру”. Өз күшіне сенімді ер заматтар кезектеп келіп жілікті кейде бірден, кейде біренеше ұрып жарып жатты. Білекті жігіттер де армрестлингтен күш сынасып, гір көтеріп сайысты. Барлығына да сыйлықтар үлестірілді.

Мерекеде “Асыл мұра” орталығының жетекшісі Таңат Сүгірбаевқа жолықтық. Немерелеріне сыйлық алып, той-думанды тамашалап келе жатқан ағамыз Наурыз мейрамы бұл жолы ерекше аталып өтілуде дейді.

Таңат Сүгірбаев – “Асыл мұра” орталығының жетекшісі.

-Биылғы Наурыз басқа жылдағыдан өзгеше. Шынын айту керек, мынандай тойдың өтуі биыл тамаша. Жылда білеміз ғой, бірақ мына орталық алаңдағы киіз үйлер, әр ауданның тақырыпқа байланысты жасаған шаралары керемет.

Ал, қаз-қатар тізілген ақ шаңқай киіз үйлер, тіпті, көздің жауын алады. Әрқайсысы түрліше безендірілген. Көркем екендігінде сөз жоқ. Бүгін олардың да арасында сайыс өтті. Облыстық киіз үй байқауында шаңырақтың ұлттық нақышта жасалуы, салт-дәстүрлердің көрсетілуі сыналды.

Еркебұлан Көпеев – Николаевка орта мектебінің еңбек пәні мұғалімі, Есіл ауданы.

-8 қанатты киіз үй құрып, келген қонақтарды қарсы алып жатырмыз. Мынау келген мейрамымызға есігіміз ашық. Жақсылық, молшылық болсын. Көрме әкелдік, міне. Келесі Наурызға осындай тойда, осындай мейрамда жетуге жазсын.

Киіз үйлердің байқауында бас жүлдені Айыртау ауданы жеңіп алды. Олар қазылар алқасына “Ұйқыашар” рәсімін көрсеткен. Ал, бірінші орын Тайынша мен Ғ.Мүсірепов аудандарына және облысық ІІД-нің ұжымына бұйырды.

Айта кету керек, бүгін киіз үйлердің есігі әрбір қонаққа ашық болды. Тұрғындарға палау тегін таратылып, әлжуаз топ өкілдеріне төрден орын ұсынылды.

Той-думанның ортасында бүркіт, түйе, иттер мен есекті кездестіруге болады. Жұртпен жұмысы жоқ жануарларды тұрғындар қаумалап, қызықтауда. Жандарына тұрып суретте де түседі.
“Наурыз” парсы тілінде “жаңа күн”, “жаңа жыл” дегенді білдіреді. Жаңару мерекесінде халық елге деген жылы тілектерін білдірді.

-Тиыштық, амандық, саулық. Жылда осылай Наурызды қарсы алып жүре берейік басымыз аман, бауырымыз бүтін болып. Бүкіл Қазақстан халқына денсаулық тілеймін.

-Барша Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарын осы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңыздың отбасына табыс, бастарыңызға бан қонсын. Осындай мереке құтты болсын.

-Барша қазақстандықтарды, Солтүстік Қазақстан облысының барлық тұрғындарын Ұлыстың ұлы күні – Наурызбен шын жүректен құттықтаймыз. Наурыз құтты болсын.

Мерекеде сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Арзан әрі сапалы азық-түлікті қала тұрғындары пышақ үстінен бөлісті. Бұл жолы барлығы 22 млн. 500 мың теңгеге 15 тоннадан астам ет, 6 тоннадан артық сүт және сүт өнімдері, 3 тонна балық, 1,5 тонна көкөніс пен 6 тонна картоп әкелінген.

 

 

 

Данаш Хамзина.