Қоғам

Наурыз мейрамында қаланың орталық алаңында этноауыл бой көтерді

Мұнда наурызды тойлау сәті бейнеленген фигуралар қойылыпты. Қазанда наурыз көже пісіп, балалар алаңсыз асық ойнап жатыр.

Саида Рашева- облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экскурсаводы.

-Қазіргі жастар қазақтың салт дәстүрлерін ежелгі халықтың тұрмысын біле бермейді. Сондықтан осы этноауыл арқылы соны көрсетуге тырыстық.

Жалпы бұл күні шаһардың орталық алаңында ерекше мерекелік көңіл күй орын алды. Тұрғындар ежелгі дәстүрлерге қанығып, төрт түлікті баптаған қазақтың еңбексүйгіштігіне тәнті болды. Ұлыстың Ұлы күні Айыртау ауданынан ат терлетіп келген Үмбет Саду осында шаруашылығындағы түйелерін әкелген. Ойсылқара төлімен суретке түскісі келген петропавлдықтардың қарасы қалың. Қос өркешті жануарлар қазір теріскейдің ауа райына бейімделген екен.

Үмбет Саду- «Тамды» ЖК директорының орынбасары.

-Шаруашылығымызда 40 түйе бар. Жылы жерде ұстасаң болды. Тез бейімделеді.

Ал сахнада өнер көрсеткен өңіріміздің әншілері мен мың бұралған бишелері мереке көркін қыздыра түсті. Театрландырлған қойылымдар ұсынылып, солтүстікқазақстандықтардың ерекше назарын аударды. Еліміз сан ұлтты бауырына басып, тілі мен діні басқа халықтың ортақ отанына айнала білді. Қазақстанды мекендейтін барша этностардың татулығы мен бірлігі осындай жарқын мерекеде ерекше көрініс табады. Бұл күні орыс, қазақ, украин, кәріс, неміс деп ұлтына бөлінбеген петропавлдықтар бірігіп қара жорға биін биледі.

Ал мына жерде қыз-келіншектер мерекенің басты символы – Наурыз көже пісіруден сынға түсуде. Түрлі сала өкілдерінің басын қосқан бұл байқауға барлығы 9 нәзік жанды қатысты. Әлия Әскерова сайыста облыстық ІІД намысын қорғауда.

Әлия Әскерова- СҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат тобының инспекторы

-Ол қасиетті 7 тағамнан пісірілетін ас. Біріншіден етті суға қостым. Кейін бидай, арпа салды. Бұдан кейін ақтан және тұз салынды.

Барлығы жерлестеріміз этноауылда дайындалған 500 литр наурыз көжемен сусындарын қандыра алды. Одан бөлек, 2500 келі палау мен 700 келі ыстық бауырсақ бауырсақтан дәм татты.

Орталық алаңға жиылған солтүстікқазақстандықтар бұл күні киіз үйлерді аралап, концерттік бағдарламаны ғана тамашалап қоймай, спорттық ойындарда да бағын сынады. «Білікті бірді, білімді мыңды жығады» демекші мұнда облыстық тоғызқұмалақтан чемпионат өткізілді. Бәсекеге толы сында әйелдер арасында Шал ақын ауданынан келген Алтынгүл Темірболатованың бағы мен бабы қатар шауып, жеңімпаз атанды.

Алтынгүл Темірболатова- Шал ақын ауданы.

-Мен тоғызқұмалақпен 8 сыныптан, яғни 5 жылдан бері айналысып келемін. Ол ойлау қабілетін дамытады.

Наурыз – күн мен түннің теңеліп, табиғаттың ерекше бір түрге бөленіп, жаңаратын кезі. Ел-жұрт қаһарлы қыстан аман-есен шығып, бір-бірімен құшақ жайып, емен-жарқын табысатын шақ. Сондықтан жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы – Наурыз мейрамына жиылған тұрғындар бір- бірін құттықтауда.

– Наурыз мейрамы құтты болсын. Ақ мол болсын!

-Ұлыстың Ұлы күні баршамызға шаттық әкелсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

-Мерке өте көңілді өтіп жатыр. Барлығы қуанышты.

 

 

 

Магжан Ахмадина.