Қоғам

Солтүстікқазақстандықтар көктем мейрамы Наурызды атап өтуге қызу дайындалуда

Әлия Бейсенова – Петропавл қаласы тілдерді дамыту мен мәдениет бөлімінің басшысы

– Бағдарлама үш күнге жалғасады. Онда үздік көже, ұзын шаш сынды байқаулар болады.

–  21 наурыз күні сағат 11-00 басталатын концерттік бағдарламада бір шаңырақтың астында өңіріміздің 200-ден астам түрлі этнос өкілдері қазақтың ұлттық биі “Қара жорғаны” билемек. Бұл елімізде өмір сүретін басқа ұлттардың татулық пен бейбітшілікте тұратындығының белгісі.

3000 жылдық тарихы бар мейрамды атап өтуге орталық алаңда дайындық шарасы қызу жүріп жатыр. Мереке күні мұнда ұлттық тағамдар жайғастырылатын 7 бірдей киіз үй есігін айқара ашады. Сонымен қатар қызық қуып, әткеншек тебем дегендерге 4 алтыбақан құрылмақ. Бұл жерде қазақтың ұлттық ойыны асық атуды ойнап жатқан жас жеткіншектер, қазанда наурыз көже пісіріп жатқан келіншектер мен атқа алғаш рет мінген баланың мүсіндерін де байқауға болады. Мұның барлығы этноауыл деп аталады. Айта кету қажет, 2014 жылы Парижде EXPO-2017 әлемдік әмбебап көрменің жалауы тапсырылғанда дәл осы этноауыл Қазақстанды лайықты дәрежеде таныстырған болатын. Енді міне, ол Петопавлға жеткізілді. Сонымен қатар, көшеде серуендегенде көзге ерекше түсетін диодты шамдармен безендірілген алып шаңырақ алаңның ажарын аша түскен. Бұл конструкцияның ауданы 1000 шаршы метрді құрайды.

Асқар Наурызбаев – “ADVART” ЖШС бригада басшысы, Астана қаласы

– Бұл композиция осыған дейін жасақталған емес. Жобаны біз Қазақстанда алғаш рет қойып отырмыз, яғни бірінші болып СҚО-да орнатылды. Мұнда 100 мың диодты шамдар тартылған. Олар кешкілік уақытта жанып, алаңға ерекше ажар береді.

Жалпы үш күнге жалғасатын салтанатты думанда қала тұрғындары мен қонақтарына палау, бауырсақ және де мерекенің басты тағамы – наурыз көже тегін таратылады. Бұл күнде жерлестеріміз диаметрі үш метр болатын торттан да дәм тата алады. Осындай ауқымды мейрамды тойлауға ат салысып жүрген жастар қала басшылығына ризашылығын білдіріп, келе жатқан Наурызбен құттықтауда.

Жалпы шырайлы көктемнің мерекесі орталық алаң мен Мағжан Жұмабаев көшесінде атап өтіледі.

 

Риат Шони.