Балалар

Облыстық қуыршақ театры әлемдік қуыршақ күнін атап өтті

Мерекелік шарада балғындардың назарына ұсынылған ертегі кейіпкерлері молынан. Бүгін Ресейлік «Петрушка», Жапондық «Паркет», бразилиялық «Мамуленг» қуыршақтарын да кездестіруге болады.

Андрей Зайцев – Облыстық қуыршақ театрының әртісі, мәдениет қайраткері


–  Бүгін біз әлемдік қуыршақ күнінің қарсаңында балаларға кішігірім базарлық жасағымыз келді. Сонымен қатар бөбектерді қуыршақтардың сан алуан түрлері қай елден, қашан шыққаны жайлы таныстырудамыз. Әр түрлі кейіпкерлер мен алуан қуыршақтар ойнайтын спектакльдерден үзінділер де дайындалды.

Мерекеге орай театрдың балғындарға жасаған тағы бір тартуы – «Шаян мен раушан гүл» деп аталатын қойылым. Ертегі жалғыздықта өмір сүретін шаян жайлы. Теңіздің кішкентай тұрғыны ең ақылды тіршілік иесі – дельфиннің кеңесімен өзіне дос іздейді. Мұндағы қуыршақтардың барлығы марионет ойыншықтар. Бүгін дельфинді қозғалтып, сөйлету – театрда 14 жыл қызмет атқарып келе жатқан әртіс Ольга Алпатоваға жүктелген.

Ольга Алпатова – Облыстық қуыршақ театрының әртісі

– Спектакльдің қоюшы режиссері Ресейден келген Борис Ходерев. Бұл қойылымды осыған дейін 2012 жылы сахналаған болатынбыз. Ертегі достық пен махаббат жайлы. Осы туынды арқылы балаларға сүйіспеншілік пен достық сезімдерінің қаншалықты қымбат екендігін жеткізгіміз келді.

Мерекелік шараның соңында қуыршақ театрының әртістерін Солтүстiк Қазақстан облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы кәсіби мерекелерімен құттықтап, алғыс хаттарымен марапаттады.

Акбопе Танирберген.