МТРА жаңалықтары

5-ші шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті 33 сессиясы өтті

Данияр Жаналинов – СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы.

– Жалпы өңірде сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бағытында ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Дей тұрғанмен, жыл басталысымен біздің департаменттің жедел-іздестіру, экономикалық тергеу қызметі басқармасының жетекшісі өзінің қызметтік бабын асыра пайдаланғаны анықталып отыр. Қазір осы фактіге байланысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ақпан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында биылғы жылы республикалық бюджетті 10 пайызға қысқарту туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл шамамен 700 милилард теңгені құрады. Бұл ретте жергілікті қазынаның да қаражаты нақтыланды. Яғни осыған орай өңірдегі жаңа жобалар уақытша тоқтатылды. Олар келер жылдан бастап жүзеге асырылмақшы.

Ескен Әкімжанов – СҚО қаржы басқармасының басшысы.

– Жалпы облыстық бюджет 7 миллиард теңгеге қысқарды. Республикалық мақсатты трансферттер болса, 13 млрд. 261 миллион теңгеге азайды. Алайда биылдың өзінде облысқа 996 миллион теңге көлемінде мақсатты трансферт бөлінді. Бұл қаражат әлеуметтік саланы жақсартуға жұмсалады деп жоспарланып отыр.

Бүгінгі күні облыстағы 57 елді-мекенге мүлдем қоғамдық көлік қатынамайды. Халық қалаулылары бас қосқан жиында осы мәселе де қарастырылды.

Бейбіт Исманов – Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.

– Былтырғы жылы облыстағы ауыл аймақтарды қоғамдық көлікпен қамту 75 пайызды құраған болса, облыс әкімі Ерік Сұлтановтың тапсырмасына орай, биыл біз көрсеткішті 95-ке дейін өсіріп отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар атқарылып жатыр. Егер болашақта тасымалдаушы кәсіпкер шығынға ұшырайтын болса, қазір оны аудандық бюджеттен аз да болсын субсидиялауды қарастырып отырмыз.

Жалпы 5-ші шақырылған облыстық мәслихаттың 33 сессиясында 17 сұрақ қарастырылды. Олардың барлығы бірауыздан қабылданды.

Джакупов Самат.