Бизнес және экономика

Отандық тауар өндірісін дамыту

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары.

-Еліміз ұстанып отырған саясат бойынша экономиканы әртараптандыру шеңберінде ішкі нарықта қазақстандық өнімнің үлесін арттыру алдыңғы орынға шығып отыр. 2013 жылмен салыстырғанда өңірімізде жергілікті үлестің артқандығы байқалады. Бұл сан 53 пайызға жетті. Осыдан 2 жыл бұрын аталған көрсеткіш бар-жоғы 35 жарым пайыз болатын.

Аталмыш бағдарламаларды жүзеге асыруда өңіріміз айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірлік жалпы өнімнің үлесі 788,7 млрд. теңгеге жеткен. Сондай-ақ, өндірістік кәсіпорындар жалпы сомасы 159,6 млрд теңгенің тауарын шығарды. Бұл 2013 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 3,5 есеге жоғары.

Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер биыл да өндірісті ілгерілетуге ниетті. Мысалы, бүгінде қиыршық тас пен құм өзімізде шығарылады. Жиынға қатысушылар республикалық және облыстық маңыздағы күре жолдарды жөндеу жұмыстарында тек қана жергілікті өнімді пайдалану керектігін айтты. Осы тұрғыда биыл атқарылар шаруа аз емес.

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі.

-Биыл жергілікті қазыналардан автомобиль жолдарын жөндеуге 6 млрд. тг. ал, Петропавл-Астана бағытындағы күре жолды салуға 14,5 млрд. тг. бағытталады. Бізде инертті материалдарды өндіретін кәсіпорындар көп. Сондықтан біз артық шығындалмай, жергілікті өнімді пайдаланып, өңірлік жалпы кірісті шамамен 10-12 млрд теңгеге жеткізуіміз керек.

Қазақстандық мазмұнға ие тауар түрлері үлесінің артуына мемлекетік бағдарламалар оң әсерін береді. Сондықтан жиын барысында бизнестің жол картасы, жұмыспен қамтудың жол картасы, ақ бұлақ және агробизнес-2020 сынды мемлекеттік бағдарламалардың өңірімізде дұрыс жүзеге асырылу жайы да айтылды. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті тауарөндірушілер, мемлекеттік орган мен ұлттық компания өкілдері бұл кездесудің арқасында өзара пікір алмасып, ортақ проблеманы бірлесіп шешуге мүмкіндік алды.

Данат Жумин, “Қазақстан 2050” Жалпыұлттық қозғалысының төрағасы.

-Шара жақсы деңгейде өтті. Бүгінде СҚО-ның кәсіпорындары мемлекеттік қолдаудың арқасында жылдық өнім көлемін ұлғайтуға зор мүмкіндік алып отыр. Бүгін жиында айтылғандай, сіздердің өңірлеріңізде шығарылатын тауардың үлесі өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге өсіпті. Енді бұл жетістікті азайтып алмауға тырысу керек.

Сондай-ақ, панельдік отырыста кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау шаралары талқылады.

 

 

Берик Касен.