Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мемлекеттік жеке меншік әріптестіктің арқасында өңірде дуалдық оқыту жүйесі дамып келеді

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

– Еліміздің экономикасын дамыту үшін білікті және бәсекеге қабілетті мамандар қажет. Оқу орын аяқтаған маман жұмысқа бірден кірісетіндей болуы керек. Бұл ретте оқу процессі мен тәжірбиені қатар жүргізу мәселесі аса маңызды. Осы мақсатта елімізде дуалдық оқыту жүйесі енгізіліп жатыр. 2020 жылға дейін техникалық және кәсіби білім беру орындарының 50 пайызында осы жүйе енгізілуі керек.

Бүгінгі күні облыста 13 500-ге жуық студент колледждерде арнайы кәсіптік білім алуда. Жыл сайын олардың 7 мыңға жуығы өңірдегі ірі кәсіпорындарда кәсіби тәжірбиеден өтеді. Техникалық және кәсіптік білім беруге қазіргі уақытта айрықша мән беріліп отыр. Тек, бүгіннің өзінде теріскейдегі 9 білім ошағы осы әдістемемен жұмыс істеуде.

Шолпан Каринова – СҚО білім басқармасының басшысы.

– 2015-2016 жаңа оқу жылында облыста тағы үш колледж дуалдық оқыту жүйесіне қосылатын болады. Ол Аққайың ауданындағы аграрлық колледж, Ленинград ауыл шаруашылығы колледжі және Уәлиханов ауданында орналасқан тағы осындай білім ордасы. Осылайша біз алдағы уақытта 2500 стеудетті осы әдістемемен оқытуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін жағдай жасалған.

Жиын барысында колледж басшылары өз оқу орындарында бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Мәселен облыс орталығындағы машина жасау колледжінің студенттерді мемлекеттік жеке меншік әріптестіктің арқасында Петропавл ауыр машина жасау зауытында алған білімдерін тәжірбие жүзінде ұштастырады.

Анатолий Ферменюк – Машина жасау колледжінің директоры.

– Біз аталмыш зауытпен 2008 жылдан бастап қоян-қолтық жұмыс жасап келеміз. Сондықтан дуалдық оқыту жүйесіне көшкенде бізде ешқандай қиыншылық туған жоқ. 2-3 курс студенттері қазір тәжірбиеден өтуде. Ол үшін болашақ мамандар жалақы алып отыр. Айта кету керек жастар оқу бағдарламасының 30 пайызын осы кәсіпорын қабырғасында өткізеді.

Солтүстік Қазақстан аграрлық аймақ. Сондықтан болашақта ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандарды әзірлеу керек. Ерік Сұлтанов жиналғандарға осындай тапсырма жүктеді.

Ерік Сұлтанов -Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

– Мен Геннадий Зенченкоға Аралағаш ауылдық округінде шаруашылық құрыңыз деген идея тастаған болатынмын. Ол кісі құптап отыр. Жағдайы бар. Алайда кадр тапшылығын сезінуде. Оның үстіне «Тайынша Астық» серіктестігінде де бұл мәселе бар. Сондықтан болашақта ауыл шаруашылығы колледжерімен жұмыс жасауымыз қажет. Осы бағытта білікті мамандарды дайындағанымыз абзал. Осы мәселені қарастырыңыздар.

Жиын соңында облыс әкімі Ерік Сұлтанов тиісті басшыларға мемлекеттік жеке меншік әріптестіктің арқасында өңірде дуалдық оқыту жүйесін дамыту бағытында тиісті тапсырмалар жүктеді.

Джакупов Самат.