Спорт

Петропавлда әйелдер арасында волейболдан жоғарғы лига ойындарының 4-ші туры өз аяғына жетті

Жерлестеріміз қанша тырысқанымен фавориттің аты фаворит. Бірінші партия қонақтардың пайдасына 25-16-мен аяқталды. Ал кездесудің екінші кезеңін қуаныштыкілер жаңа толқынмен сәтті бастады. Үштікке ойнап, қарсыластарының алаңына жойқын соққылар бағыттап жатыр. Сөйтіп, шабуылдарын нәтижелі аяқтауда.

Бірнеше ұпайларын жоғалтқан «ШығысСвинецСтройдың» қыздары естерін жинап, ойын арнасын өздеріне қарай бұрды. Ұлттық лигада ойнаған тәжірибесі бар команда екінші периодта да жеңімпаз атанды. Тартысты кездесудің үшінші кезеңі тағы қонақтар үшін сәтті болды. Жерлестеріміз бірқатар негізгі ойыншылардың жарақатына байланысты ма екен, әйтеуір ойынның ешбір кезеңінде де ұпайларын жиырмаға дейін жеткізе алмады.

Үш партияның қорытындысы бойынша есеп 3-0 болып қонақтардың пайдасына шешілді. Ал бұл кездесуде «ШығысСвинецСтрой» құрамасында 11 нөмірдегі Екатериана Сахарова үздік ойыншы атанса, «Қуаныш» командасының сапында шабуылшы Сабира Бекишева ерекшеленді.

Аида Алижанова – «Қуаныш» ВК шабуылшысы.

-Бұл кездесуде өкінішке орай жеңіліс таптық. Бірақ бапкердің берген кеңестерін толық, ұтымды пайдаландық деп ойлаймын. Енді келесі бесінші турда бұдан да жақсы өнер көрсетеміз.

Сөйтіп, бұл кездесуде жеңіліс тапқан “Қуаныш” командасы 4-ші турда 7 ұпай жинап, бесінші орынға тұрақтады. Ал жоғарғы лиганың келесі соңғы бесінші туры Алматы қаласында сәуірдің бірі мен бесі аралығында өтпек.

 

Риат Шони.