Қоғам

Шаһар басшысы тылда еңбек еткен әйелдерді 8- наурыз мейрамымен құттықтады

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі.

– Құрметті Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен тыл ардагерлері. Сіздерді шын жүректен 8- наурыз мерекесімен құттықтаймын. Сіздердің өмірлеріңіз басқалардан өзгеше. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев соғыс ардагердерін әрқашан құрметтеп, сіздерге ерекше назар аударады. Елдің ерлігіне үлес қосқан, жеңісті бүгінгі күнге дейін жеткізген сіздердің алдарыңызда бас иеміз.

Бұдан соң 15 азаматқа қала әкімінің атынан алғыс хат пен естелік сыйлықтар табысталды. Жалпы Ұлы Отан соғысына Петропавл қаласынан 27 мыңға жуық азамат шақыртылған екен. Оның қатарында нәзік жандылар да аз емес. Азаматшалардың бірі қанды майданда отан үшін от кешсе, енді бірі жеңісті жақындату үшін тылда еңбек етті. Салтанатты жиын барысында ақ жаулықты апаларымызды мерекемен құттықтаушылардың қарасы қалың болды. Бүгін қатарластарын Ұлы Отан соғысының ардагері Петр Гладков та құттықтады.

Петр Гладков – Ұлы Отан соғысының ардагері.

– Ұлы жеңіске сіздердің арқаларыңызда қол жеткіздік десем артық айтпағаным. Әрқайсыларыңыздың еңбектеріңізді бөліп жаруға болмайды. Сондықтан көктемнің алғашқы мейрамымен құттықтаймын. Денсаулықтарыңыз қыстай қатты болсын. Ең бастысы бұдан былай – жер бетінде соғыс болмасын дегім келеді.

Сапура Тәшенова 10 жасынан бастап тылда еңбек еткен жандардың бір. Азаматша соғыс жылдары ерлермен қатар ауыр қызмет атқарған. Бүгінгі күні қария бейнеттің зейнетін көруде. 7 бала тәрбиелеп, көпбалалы ана атанды.

Сапура Тәшенова – Тыл еңбеккері, көп балалы ана.

– Ел басқарып отырған азаматтарға үлкен алғысымды білдіремін. Бүгін міне бізді ұмыт қалдырмай, ұлықтап жатыр. Еліміз дамудың даңғыл жолынан таймасын. Жастар бақытты болсын. Сіздер соғыс деген қасіретті көрмеуге алла тағалам нәсіп етсін.

Қазіргі таңда облыс орталығында нәзік жанды 17 ҰОС-ның ардагері мен 5 мыңнан астам тыл еңбеккері тұрып жатыр.

Джакупов Самат.