Қоғам

Ерен еңбек ұмытылмақ емес

719-шы атқыштар полкінің жауынгері, жерлесіміз Михаил Тупичкин соғыстың соңғы жылдарында әскер қатарына шақыртылып, майданда жарылғыш заттарды іздеумен айналысыпты. 1944 жылы Қазақстаннан соңғы рет жиналған әскер қатарына іліккен ол 1945 жылы взвод құрамында Мурманск қаласын жаудан қорғауға қатысқанын айтады. Ол туралы естелік – қарияның өмір бойы көзінің қарашығындай көріп сақтап жүрген мына сурет. Бұл суретке ол небәрі 19 жасында мина іздеуге шыққалы тұрғанда түскен екен.

Михаил Тупичкин-ҰОС ардагері

– 1941 жылға дейін Мамлют ауданындағы Улянов колхозында жұмыс жасадым. 1944 жылы барлық ер-азаматтарды әскерге алды. Қатарында мен де бармын. Саратов қаласына барлық жауынгерлерді әкеліп екі ай бойы үйге хат жазбауымызға бұйырды. Одан кейін Мурманск жерінде қызметімізді өтедік.

Қария бір ыдыстан тамақтанған, бірге жүрген жауынгер досының көз алдында қаза тапқандығын айтып, жанарына жас алды.

Михаил Тупичкин-ҰОС ардагері

– Біз жүрген жердің бәріне жарылғыш заттар орнатып кететін. Байқамай басып қалдың ба, бір аяғыңнан айырылғаның. Мина іздегіш арнайы құралдар берді. Бірақ оның пайдасы аздау болды. Сондай бір жағдайда менің 4 жыл бойы бірге жүрген майдандас серігім қаза тапты. Дәл осы жағдай менің жаныма қатты батқан болатын.

Ардагер жұбайы Александрамен бір ауылда өскен. Ол әскер қатарына алынған шағында болашақ жары тылда майдангерлер үшін мылтық атуға арналған қолғаптар тігіпті. Ал 1951 жылы жерлестеріміз отау құрған. 90-ды алқымдаған қос қария сол уақыттан бері бір-біріне сүйеу болып келеді. Алексанра Алексеевна соғыс бітті деп пошташының сүйіншілеген дауысы әлі күнге құлағымда жаңғырып тұр дейді.

Александра Тупичкина – жұбайы, тыл ардагері.

– 1945 жылдың 9 мамырында сағат 11-дің кезінде пошташы ауылды басына көтеріп, “Соғыс бітті” деп жар салып, айқайлап жүрді. Мен бұл сүйінші хабарды естігенде қуаныштан терезеден секіріп кете жаздадым. Соғыстан әкем оралмады, сондықтан көзіме жас алдым. Ал, жақындары аман келгендердің қуанышында шек болмады.

1948 жылы елге оралған соң да ардагер үшін қызмет аяқталмады, ол зейнет жасына дейін ел игілігіне үлес қосып тракторшы, комбаиншы, бригадир болған. Бүгінде 64 жыл бір шаңырақ астында тұрып келетін қариялар 4 баладан 8 немере мен сонша 8 шөбере сүйіп отыр.

Ақбөпе Тәңірберген.