МТРА жаңалықтары

Петропавлда көмекке зәру жандарға жәрдем көрсету мақсатында “Мейірімді жүрек” акциясы жүріп жатыр

Сабина Жакупова, «Нұр Отан»партиясының «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшесі

– Бүгінгі таңда әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қол үшін берем дейтін адамдар көп. Алайда олар қайда баратынын білмейді және олар берген киім-кешектің нақты адресатқа жететініне күмәні болады. Осыған байланысты “Жас Отан жастар” қанаты “Мейірімді жүрекпен” акциясы арқылы жүрегі кең адамдардың өз үлесін қосуға мүмкіндік туғызады.

Тізімдегі Петропавл бойынша аз қамтылған отбасылардың саны 300-ге жетеді. Олардың ішінде бірінші жиналған көмекті киім-кешек пен оқу құралдарына аса мұқтаж 30 отбасы алады. Өздерінен артылған заттарын әкеліп, көмек қолын созып жатқандардың дені – жастар және жас отан жастар қанатының белсенділері. Солардың бірі Махаббат Майсеитова.

Махаббат Майсеитова, «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының белсендісі

– “Жас Отан” жастар қанатының осы акцияны өткізіп жатқандығы жөнінде өз достарымнан естідім. Жетім балалар мен аз қамтылған отбасылар үшін жиналатын нәрселердің тізімін көре салып, “Тайгаға” арнайы акцияны қолдау мақсатында келдім. Өзіммен бірге балаларға арналған шалбар, күрте және бас киім ала келдім. Біздің қаламыз үшін бұл акция керек. Себебі Петропавлда тұрмысы төмен отбасылар аз емес.

Тұрмыстық заттарды жинақтау үшін «Тайга» базарының төменгі қабатындағы «Кеңес орталығында» арнайы қорап орналастырылған. Дүйсенбі мен жексенбіден басқа күндерді сағат 11 мен 16 аралығында кез-келген адам осы қайырымдылық акциясының қатысушысы бола алады. Бүгінге дейін жиналған ойыншықтар мен киімдер келер аптада өз иелерінің қолына табысталмақ.

 

Акбопе Танирбергенова.