Спорт

“Солтүстік” қысқы спорт мерекесі өз мәресіне жетті

Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко жарысқа қатысушы аудан спортшыларын мерекенің ашылуымен құттықтап, барлығына сәттілік тіледі.

Владимир Бубенко, СҚО әкімінің орынбасары

– “Солтүстік-2015” қысқы ойындар мерекесінің ақтық кезеңі ұлттық ойындарымен баршамызға танымал Уәлиханов ауданында өтіп отыр. Соңғы кезде бұл ауданда қысқы спорт түрлеріне ерекше көңіл бөліне бастады. Биылғы маусымда ғана мұнда 7 хоккей корты салынды. Спартакиаданы аша отырып, спортшыларға жоғары көрсеткіштер мен жарқын жеңістер тілеймін.

Кейін ортаға көптен күткен он тоғызыншы қысқы спорт ойындарының жалауы шығарылды. Оны көкке желбірету құрметі күрестен спорт шебері Сансызбай Калиев пен шаңғыдан ел чемпионы Геннадий Сабитовқа берілді. Бұдан соң «Солтүстік-2015-тің» алауын халық алдында хоккей спортынан облыс жүлдегері, спорт меценаты Мейірбек Құсайынов жақты.

Руслан Есеналин, СҚО спорт және дене шынықтыру басқармасының жетекшісі

– Мұнда өңіріміздің барлық аудандарынан 500-ге жуық спортшы жиналды. Бұған дейін алдын-ала сайыстар өткен болатын. Олардың қорытындысы бойынша М.Жұмабаев, Мамлют және де Ғ.Мүсірепов аудандары алда келе жатыр. Қазір Уәлиханов ауданында спорттың 4 түрінен ақтық кезеңдер өтетін болады.

Таяқ жерге тасталды, қорытынды кезең басталды. Күннің бірінші жартысында мұз алаңында конькишілер жылдам спортшыны анықтады.

Сұлтан Норбаев, шорт-трэк спорты бойынша бас төреші

– Біз ерлер мен әйелдер арасында 500 метрге алдын-ала жарыстар өткіздік. Оның қорытындысы бойынша ақтық бәсекеге Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев, Аққайың аудандарының спортшылар шықты. Жалпы биылғы жылы 52 конькиші өз бақтарын сынады.

Валентина Шульц коньки спортымен үш жылдан астам уақыт бойы айналысып келеді. Биылғы жылғы жарысқа нәзік жанды алғаш рет қатысып отыр. Аяқ алысы жаман емес. Бағы мен бабы қатар шапқан Валентина сайыста мың жарым метр қашықтықта топ жарып, үздік атанды.

Валентина Шульц – жарысқа қатысушы, Тайынша ауданы

– Кеше бізде 500 метр қашықтықта жарыс болды. Онда мен үздік атана алмай, екінші орынға ие болдым. Ал бүгін 1500 метр болды. Бұл дистанция әрине қиын тиді. Қарсыластарым мықты. Бірақ жолым болып, бірінші келдім.

Ал дәл осы күні теңбіл допшылар футзалдан үздік команданы анықтады. Алаңға ақ жейде киген Айыртау ауданы мен сары жейделі спартакиаданың қожайындары шықты. Жарыс жергілікті алаңда өтіп жатқандықтан, уәлихановтықтар кездесуді өз пайдаларына шешуге тырысты. Сөйтіп, жанкүйерлердің қызу қолдауымен өткір шабуылдар жасаған аудан құрамасы қарсыластарының қақпасына гол соқты. Дегенмен айыртаулықтар жылдам қарымта шабуылдар жасап, дес бермей есеп айырымын қысқарты. Алайда, кеш оянған айыртаулықтарға төрешінің қосқан уақыты жеткен жоқ. Кездесу алаң иелерінің пайдасына 7-5 есебімен аяқталды.

Сүлеймен Орал – жарысқа қатысушы, Уәлиханов ауданы

– Ойын тартысты болды. Қарсыласымыз мықты. Есепті алғашқы болып біз аштық. Бірнеше қателіктерге бой алдырсақта жеңіп шықтық.

–  Міне «Солтүстік-2015»спорттық ойындар мерекесінің екінші күнінде шаңғы жарысынан сайыс өтуде. Дәл қазір қыздар арасында мың метр қашықтықта ең мықты, үздік спортшы анықталуда.


Шаңғы жарысының бірінші күнінде классикалық жүріспен жекелей сайыс өткен болатын. Онда ерлер он шақырымды бағындырса, нәзік жандылар бес шақырым қашықтықта мықтыны анықтаған.

Владимир Щербаков – шаңғы жарысының бас төрешісі

– Бірінші күннің қорытындысы бойынша 134 ұпаймен Ғ.Мүсірепов ауданы көш бастап тұр. Олардан кейін 130 ұпаймен қызылжарлықтар тұр. Ал үздік үштікті 99 ұпаймен әзірше Мамлют ауданы тұйықтауда. Бүгінгі күннен кейін шаңғышылар командаларына жеңістер сыйлап, көрсеткіштерін өзгерте алады.

Шаңғы сайысына қатысушы нәзік жандылар спринтте мың метрді жүріп өтіп, өздерінің командалық әріптестеріне эстафетаны беру қажет. Айта кеткен жөн, бұл сында әрбір құрамадан екі спортшы ғана өз бағын сынай алады. Солардың қатарында Айыртау ауданының намысын қорғап жүрген Инна Сарайкина бар. Нәзік жанды шаңғы спортымен төрт жыл бойы айналысып келеді екен. Ал «Солтүстік» спорттық ойындарында ол осымен үшінші рет бағын сынауда.

Инна Сарайкина – жарысқа қатысушы, Айыртау ауданы

– Қарсыластарым мықты болды. Әсіресе, М. Жұмабаев, Ғ.Мүсірепов, Аққайың сынды аудандардың шаңғышылары бәсекелестік тудыруда. Жалпы шаңғы жолы жақсы. Кей жерлерде ауыр учаскелер бар, солар көп қиындық туғызды. Барынша тырысқанымен 5 орынға тұрақтадым. Ал командалас әріптестерім менен жоғары нәтижеге қол жеткізеді деген сенімдемін.

Спартакиаданың төртінші түрі – шайбалы хоккей. Дәл қазір ақтық бәсекеде қарсыластарының алдын орап, алға суырылған Уәлихановтықтар мен жарыстың фавориті, облыстың бірнеше дүркін чемпионы Қызылжар ауданының құрамасы кездесті. Бұл ойында тәжірибелі қызылжарлықтар алғашқы минуттардан тізгінді өз қолдарына алды. Қарсыластарының алаңына емін-еркін кіріп, бірнеше қауіпті шабуылдар жасады. Бұл ойында хоккейшілер қызбалыққа жол беріп, жұдырықтасып та алды.

Үшінші кезең қорытындысы бойынша қызылжарлықтар қарсыластарының қақпасына екі гол соқса, алаң иелері үш шайба салып, кездесуді овертаймға дейін жеткізді. Қосымша уақытта да жеңімпаз анықталмай, финалдық бәсекенің тағдыры матчтан кейінгі буллиттар сериясында шешілді. Үш соққының екеуін қайтарған қақпашы Владимир Комаров Уәлиханов ауданының құрамасына бірінші орынды сыйлады.

Мейірбек Құсайынов – шайбалы хоккейден Уәлиханов ауданы командасының капитаны, Уәлиханов ауданы

– Негізгі уақытта жеңімпазды анықтай алмадық. Буллиттар сериясында қақпашымыз бізге жеңіс сыйлады. Оған мен өте қуаныштымын. Команда сапында негізінен ойыншылардың жасы 40-45 шамасында.

Осымен қысқы ойындары спартакиадасындағы барлық сайыстар аяқталды.

– Міне үш күнге жалғасқан “Солтүстік-2015” спорттық ойындар мерекесі аяқталды. Дәл қазір барлық аудан құрамалары кімнің жеңімпаз атанғанын тағатсыздана күтуде.

Көптен күткен облыстық сайыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. Сонымен “Солтүстік-2015” қысқы спорт ойындарының мерекесінде үздік үштікті тұйықтаған Ғ.Мүсірепов ауданының командасы диплом, кубок және де 100 000 теңге сомасындағы сертификатқа ие болды. Күміс жүлде мен 200 мың теңгені қызылжарлықтар еншіледі. Ал сайыстың жеңімпазы – М.Жұмабаев ауданының құрамасы. Спортшыларға диплом, кубок және де 300 мың теңге ақшалай сыйақы табысталды.

Аман Төрегелдин – Уәлиханов ауданының әкімі

– Бұл шараны өткізу үшін біз бір жыл бойы дайындалдық. Ауданда 14 хоккей корты, оның ішінде 3 Кішкенекөл селосында салынды. Әрине бұның барлығына халық пен демеушілер ат салысып, көмектесті. Оларға мен алғысымды айтамын.

Сонымен қатар, шара барысында осындай жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының жетекшісі Руслан Есеналин Уәлиханов ауданына облыс әкімінің атынан “Газель” көлігін табыстады.

Сергей Лысенко – М.Жұмабаев ауданы спорт және дене шынықтыру бөлімінің жетекшісі

– Жеңімпаз атанғанымыз үшін өте қуаныштымын. Барлық сайыстарда жеңімпаз атанбасақ та, жүлдегелерге іліктік. Ол спортшыларымыздың тынымсыз еңбегінің арқасы. Жалпы осындай шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған Уәлиханов ауданына шексіз алғысымды айтамын.

Спартакиаданың салтанатты жабылу рәсімінде он тоғызыншы ойындардың жалауы Аққайың ауданына берілді.

 

 

Риат Шони.