Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Дабыл тетігі” бар телефон 156 петропавлдық ҰОС-ның ардагеріне табыс етіледі

Нина Григорьева, Афанасий Васютиннің күтушісі

– Мен Афанасий Васютинді 20 жыл білемін. Әйелі қайтыс болған соң, оған қарайласып, күнделікті 3 рет тамағын беріп тұрамын. Ол кісі ауылда өскесін етті тағамдарды жақсы көреді. Афанасий Васютин соңғы 10 жылда соншалықты ауырып, үйіне дәрігер де шақыртқан жан емес. Тек биылдан бастап денсаулығы сыр бере бастады.

1942 жылы әскер қатарына шақыртылған қарт майдангер Украина, Польша жерлерін фашистерден азат етуге қатысады. Немістермен Берлин түбінде шайқасады. Сонда қолы, аяғы мен кеуде тұсына оқ тиіп, жарақат алады. Сол оқтардың сынығы денемде қалып қойған. Бүгінде сол соғыс салған жара сыр беруде дейді қария.

Афанасий Васютин, Ұлы Отан соғысының ардагері

– Әскер қатарына шақыртылғанда Ресейдің Улянов қаласында байланысшы оқуын оқып жүрдім. Майдан даласына аттанғанда кіші лейтенант шенін алып шықтым. Менің білімім жоғары болғандықтан офицерлер мені взвод командирі етіп сайлады. Мен үнемі қаруластарымды ұрысқа жігерлендіріп отырдым.

Афанасий Васютин соғыстан кейін Шал ақын ауданына қарасты Еңбек ауылында оқушыларға орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Кейін мектеп және балабақша директоры болып еңбек етеді. Кейінгі жылдары аудан әкімдігінің аппараттында қызмет еткен. Жалпы “Өмір жолы” республикалық акциясы аясында 156 петропавлдық қарт майдангерге дабыл тетігі бар телефон табыс етіледі. Бүгінде 10-нан астамына аталмыш аппарат жеткізіліп үлгерді.

Берик Касен.