МТРА жаңалықтары

Фея сауықтыру орталығына 1 жыл

Галина Бондаренко – “Улыбка” қайырымдылық қорының төрайымы

– “Улыбка” қайырымдылық қоры, “Максимальный размах” компаниясымен бірлесіп, балаларға тамаша мереке сыйлау үшін қызықты шара ұйымдастырды. Акция барысында шағын концерт, түрлі ойындар өткізілуде. Біз, бұл компаниямен болашақта, жүздеген балақайға көмек көрсетеміз деген сенімдемін.

Қайырымдылық – адамгершілік белгісі дегендей, “Максимальный размах” компаниясы, бұндай қайырымдылық шараларынан ешқашан шет қалмайды. Олар ай сайын аз қамсыздандырылған отбасыларды қолдап, бүлдіршіндерге демеушілік көрсетуде. Бұл жолы да компания өкілдері қайырымдылық орталығының кішкентай мерейтойында балаларға қол ұшын созып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Мария Приходько – “Максимальный размах” компаниясының менеджері

– Біздің компаниямыз үнемі қайырымдылық шараларын өткізіп, мүгедек балаларға, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға демеу көрсетеді. Бүгінгі акцияда 20 жанұяға арналған сыйлықтар дайындап қойдық. Ата-аналарға электр шәйнектерін сыйласақ, мүгедек балғындарға логиканы дамытатын ойыншықтар табыс етіледі.

Людмила Волкова көп балалы ана. Бүгінде 6 баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ол қандай болмасын жәрдемге риза. Бұл орайда, “Максимальный размах” компаниясының бүгінгі сыйлықтары көпбалалы жанұяның қалтасына түсетін салмақты азайтқандай. Кішкентайларға арналған түрлі ойыншықтармен қоса демеушілер жанұяларға өз өнімдері – 10 кг тұшпарадан таратты.

Людмила Волкова – көп балалы ана

– Біз қайырымдылық шараға екінші рет қатысып отырмыз. Менің 6 балам да, өзім де түрлі сыйлықтарды алып мәз-мейрам болып қалдық. Бұндай көмек пен қолдау көрсетіп отырған ұйымдарға ризашылығымды білдіремін.

Мереке қызығына батқан балалар шара барысында түрлі ойындар ойнап, демеушілерге алғыс ретінде өлеңдерін айтып жатты. Ал сабынды көпіршіктер қойылымы мереке көрігін қыздыра түсті. Сыйлықтарға қарық болып, өзара ойнап-күлген жеткіншектер “Максимальный размах” компаниясының өкілдеріне шексіз алғыстарын жеткізді.

–  Сыйлық үшін үлкен рахмет. Өзім осындай қызықты ойыншықтарды жақсы көремін.

–  Ойыншық көңілімнен шықты. Енді қарындасыммен бірлесіп ойнайтын боламыз. Сіздерге алғысымды білдіремін.

Бұндай қайырымдылық шараларды өткізу “Максимальный размах” компаниясы үшін дәстүрге айналған. Олар аталған мерекелерді алдағы уақытта да үнемі ұйымдастырып тұрмақ.

Сагыныш Маркашева.