Өнеркәсіп

Дағдарысқа қарамастан отандық ірі кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеп тұр

Виталий Ольховик зауытта оператор міндетін атқарады. Ол бір ауысымда жер астынан мұнай соратын құрылғыға қажетті бұйымның 35 данасын білдекпен жонып шығады.

Виталий Ольховик, “МҰНАЙМАШ”АҚ сандық бағдарламаларды басқарушы оператор

– Бұл зауытта жұмыс істегеніме 1 жыл толды. Мұндағы еңбеккерлерге жасалып жатқан жағдай көңілімнен шығады. Жұмыс істейтін орнымыз таза, станоктардың барлығы жаңа. Сондықтан жұмысым ауыр деп айта алмаймын.

2012 жылы “Мұнаймаш” зауытының басшылығы “Өнімділік -2020” бағдарламасы аясында 12 су жаңа сандық жүйеде орнатылған білдектер сатып алды. Олар Жапония, АҚШ, Бразилия елдерінен жеткізілген. Бүгінде зауыт толық қуатылығында жұмыс істеп, жыл санап өнімділігі артуда. Мысалы, осыдан 2 жыл бұрын мұнда бар-жоғы 4000 жер астынан мұнай тартуға арналған сорғыш әзірленсе, бүгінде оның саны екі еселеніп отыр.

Сергей Литвинов, “МҰНАЙМАШ”АҚ техникалық директоры

– Бүгінде біз жылына мұнай ұңғымаларына арналған сорғыштың 8 мыңын құрастырамыз. Жыл басынан 2 000-ға тарта мұнай ұңғымаларына қажетті сорғыш құрастырдық. Оның жалпы құны 530 млн теңгені құрады. Елбасы тапсырмасына сәйкес жұмысшылардың саны қысқартылмайды. Мекеме басшылығы жалақы көлемін сол деңгейде қалдырады.

“Мұнаймаш” зауытында өткен жылы 3,5 млрдт теңгенің өнімі өндірілсе, биыл ол көрсеткіш 3,9 млрд теңгеге жеткізілмекші. Оған қоса зауттағылар бәрі ойдағыдай болса, темір жолда жүретін вагондар мен басқа да көлік түрлеріне қажетті саймандарды әзірлейтін болады.

Берик Касен.