Білім

Облыста ҰБТ өткізуге дайындық барысы пысықталды

Валентина Черных – СҚО білім басқарамасының білім сапасын қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі.

-Бұл тестілеудің нәтижесі былтырғы жылдың қаңтар-ақпан айларымен салыстырғанда жоғары. Өткен жылы облыс оқушылары орта есеппен алғанда 77,8 ұпай жинаған. Дегенмен, көрсеткішті әлі де болса өсіру қажет. Ол үшін тиісті шаралар жүргізілуде. Алтын белгіге үміткер балалар тек өз мектептерінде ғана емес, сонымен қатар басқа да білім ордаларында сынақ тапсыра алады. Жалпы ҰБТ-ыны тапсыру қажеттілігін оқушы өзі таңдайды.

Биылғы жылы облыс бойынша ұлттық бірыңғай тестілеуге 3710 түлек қатыспақ. Олардың ішінде 128-і “Алтын белгіге”, 62-і үздік аттестатқа үміткер. Оқу – инемен құдық қазғандай. Сол себепті де барлық сынақ тапсырушылар тестілеу кезінде қатаң қадағаланады. Бұл ретте облыс бойынша ҰБТ-ыны өткізу үшін 16 млн теңге астам қаржы бағытталған. Оның ішінде 11 млн теңгеге жуығы ұялы байланыстарды басатын құрылғыларды алуға жұмсалған.

Гүлмира Оспанова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы.

-М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де оқушылар тестілеуді 14 аудиторияда тапсырады. Оның барлығында бейнекамералар мен ұялы байланыстарды басатын құрылғылар орнатылған. Сонымен қатар мүгедектер мен медициналық қызметкерлерге арналған аудиториялар да болады. Сынақ кезінде ішкі істер департаментінің қызметкерлерімен қатар университет күзетшілері де кезекшілік етеді. Ал тестілеуді тексеретін мемлкеттік комиссия отыратын бөлмеде барлық 14 аудиторияны қадағалай алатын үлкен экран қойылады.

Жалпы биылғы жылы өңірде ұлттық бірыңғай тестілеуді оқушылар 8 мекемеде тапсыратын болады. Түлектердің барлығы мектеп қабырғасында алған білімдерін тиісті деңгейде шыңдаулары қажет. Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова жиналғандарға маңызды науқанға дайындықты пысықтап, шараны өз деңгейінде өткізуді жүктеді.

Анархан Дүйсенова – СҚО әкімінің орынбасары.

-Сынақ тапсыратын балалардың жүйкесін қоздырудың қажеті жоқ. Біз бүгін ғана суицид мәселесі туралы айтқан болатынбыз. Сол себепті де педагогтар оқушылардың ата-аналарымен ауқымды жұмыстар жүргізулері қажет. Түлектер ҰБТ-ы тапсыруға ата-аналарымен келеді. Ата- аналар үшін арнайы орындар әзірлеу қажет. Сонымен қатар оқушылар тестілеуден өтетін аудиториялар қолайлы болулары шарт.

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу ел бойынша маусымның 1-і мен 15-і аралығында өтеді.

 

 

Риат Шони.