Аптадағы маңызды жаңалықтар

Болашақта теріскейде балалар тағамын шығаратын кәсіпорын іске қосылмақ

Игорь Багдашин – Омбылық “Центр питательной смеси” КК директоры, Омбы қаласы, РФ.

-Біздің өнімдеріміз ана сүтін алмастырмайды, тек қоспа ретінде пайдаланылады. Балалар тағамына көбінесе консерванттар қосылатыны белгілі. Ал біздің зауыт өндіретін өнімнің құрамында ешбір бояу мен қоспалар жоқ. Осының арқасында тағам биологиялық таза, әрі нәрестенің жетілуіне, иммунитетінің бірқалыпты болуына оң әсерін береді.

Жиынға қатысқандар омбылық балалар тағамының құнарлылығы, сақтау мерзімі мен сапасы жайында әңгіме өрбітті. Нарықта 7 жыл жүрген ресейлік зауыт шығаратын өнімдердің сақтау мерзімі аз, небары 3-8 айдың аралығы. Осыған қарамастан, балаларға арналған омбылық тағам нарықта сұранысқа ие. Сүт өнімдерін 6-айдан асқан балалардың ас мәзірінде пайдалануға болатын көрінеді.

Александр Кузлякин – “Сүт одағы” ЖШС директоры.

-Біз ең біріншіден, омбылық балалар тағамын өндіретін зауыт өнімдерінің теріскейде қаншалықты саудаланып жатқандығын саралап, салыстыратын боламыз. Егер тауар өтімді болып жатса, алда бірлескен кәсіпорын құруға біз де қарсы емеспіз.

Бүгінде ата-аналар алыс шетелден жеткізілетін балалар қоспасын сатып алуға мәжбүр. Дегенмен, дәрігерлер мен диетолог мамандар жергілікті жерде дайындалатын балалар тағамының сапасы талапқа сай болуы қажеттігін ескертуде.

Наталья Полякова – №3 қалалық емханасының педиатрия учаскесінің меңгерушісі.

-Педиатр маман ретінде айтар болсам, омбылық рецепт бойынша даярланатын балалар тағамы біздің облыста өндіріліп, саудаланса тиімді болар еді. Жаңа көрмеде бұл өнімнің дәмін байқадық. Биологиялық таза өнім, сақтау мерзімі аздау. Бірақ тағамның құнарлылығы жоғары.

“Центр питательной смеси” кәсіпорнының өкілдері “Сүт одағы” серіктестігінің өндіріс барысымен де танысты. Ондағы мақсат – жергілікті мекеменің балалар тағамын өндіру мүмкіндіктері мен қауқарын бағамдау.

Игорь Багдашин – Омбылық “Центр питательной смеси” КК директоры, Омбы қаласы, РФ.

-Мен жергілікті сүт кешенінің жұмыс барысын өзім байқап көрдім. Сөйтіп Солтүстік Қазақстан облысында балалар тағамын шығаратын бірлескен кәсіпорын құруға бар жағдайдың жасалғанына куә болдым. Әрине, нәрестеге арналған өнімді шығаруда санитарлық талап жоғары болады. Ол жағын да жіті ойластырған жөн.

Бүгінде жергілікті кешенде сүт тағамдарының 49 түрі өндіріледі. Кәсіпорындағылар тек жыл басынан бері 85 миллион теңгенің азығын шығарған. 1928 жылы іске қосылған зауыт – қазіргі таңда еліміздің 8 аймағына тауарын саудалап келеді.

Ирина Давлетбаева – “Сүт одағы” ЖШС зертхана басшысы.

-Омбы қаласының сүт зауытымен әріптестік қарым-қатынас орнату бізге де тиімді деп есептеймін. Әңгіме барысында нәрестеге қажетті өнім шығаратын қосымша қондырғылар сатып алу жайлы да айтылды. Егер келісіп жатсақ, зауыт жұмысшыларын қайта оқытатын боламыз.

Серіктестік жетекшісі соңғы жылдары мемлекеттен берілетін көмекті сезініп келеміз дейді. Осының арқасында мұндағылар жаңа қондырғылар сатып алып, жұмыс қарқынын біршама арттырған. Қазірде сүт зауытында 200-ге жуық адам нәпақасын тауып отыр.

 

 

Бакыт Садуакасов.