Билік

Қалалық классикалық гимназияға Сафуан Шаймерденовтың аты берілді

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

-ҚР Үкіметінің қаулысыменқалалық классикалық гимназияға Қазақстанныңхалық жазушысы, драматург Сафуан Шаймерденовтың есімі берілді. Жерлесіміз 1996 жылы осы білім мекемесінің ашылуына ұйтқы болды. Ол қазақ балаларының ана тілінде тәрбтие-білім алғанын армандаған азаматтардың бірі. Нар тұлғаның сол арманы орындалып, алтын ұядан қаншама түлек қияға самғады. Сондықтан ардақты ағамызға осындай құрметтің көрсетілуі де лайықты.

Айтулы шараға Астана қаласынан арнайы ат терлетіп келген Сафуан Шаймерденовтың балалары, мұндай көрсетіліп жатқан құрметке ризашылықтарын білдірді.

Сайын Есмағи – С.Шаймерденовтың баласы, «Литер Медиа баспа үйінің» директоры.

-Бір Ұлы ғұлама айтыпты: «Адам жүрегі тоқтағанда өлмейді, ол ұмытылғанда өледі деп». Бүгін менің әкемнің екінші мәңгілік ғұмыры басталды. Қазақта айтады: “Өлгенім тірілді, өшкенім жанды.” дейді. Бүгін әкемнің қайтқан күні. Осыдан сегіз жыл бұрын 23 ақпан күні ол кісі дүниеден озды. Сегіз жыл сергелдеңге салынып барып, Сафуанның аты мәне қазақ тарихыны, қазақ болашағына мектептің аты болып жазылып жатыр. Бүл қуанышты дүние.

Салтанатты шараға қатысқан азаматтардың барлығы жерлес жазушымыздың қандай тұлға болғандығы жайында өз ойларын ортаға салды. Белгілі айтыскер ақын, Серікзат Дүйсенғазы әдебиетке қадам басуына әсер еткен Сафуан Шаймерденовтың құрметіне, мектепке өзінің кітабын сыйға тартты.

Серікзат Дүйсенғазы – Айтыскер, ақын.

-Қазақтың классик жазушысы дейміз. Қазақ сөз өнерінің үлкен тұлғасы. Сафуан ағамыздың аты осы мектепке беріліп жатыр. Әбден лайықты деп есептеймін. Біз енді бала күнімізден осы кісінің шығармаларын оқыдық. Ең алғаш «Инеш» деген үлкен туындысын оқыдым. Содан эстетикалық ләззат алып, әдебиетке қадам басуға әсер етті. Сафуан ағамыздың есімі ертеден таныс. Бүгін мен бақыттымын. Ол кезде мен ойлаған жоқпын осылай Қызылжарға келіп, осындай шараға қатысамын деп.

Бұдан соң облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен жерлес жазушымыздың баласы Сайын Есмағи білім ошығы қабырғасындағы Сафуан Шаймерденовтың мемориалдық тақтасын ашты.

Бұдан соң салтанатты шараға қатысқандар мектеп мұражайын аралады. Мұнда Сафуан Шаймерденовтың құрметіне арналып бұрыш ашылған. Кейін жұртшылыққа жерлес жазушы жайында әзірленген арнайы фильм көрсетілді. Қазіргі таңда Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияда 550-ден астам оқушы тәлім алуда.

 

 

Самат Джакупов.