Қоғам

«Масленица» мерекесі тойланды

Ольга Торопова.

-Масленица қысты шығарып салып, көктемді қарсы алуға арналған. Мейрам кезінде құймақтың түр-түрін пісіру міндет. Мерекеде қонақ болып, үй-үйді аралап, жылы лебіздер жеткізген абзал.

Мерекені тойлауға келген халықта есеп жоқ. Ұлт пен ұлысқа бөлінбеген солтүстікқазақстандықтар масленицаны мерекелеуге ерекше дайындалыпты. Жайылған дастархандар түрлі тағамдарға лық толы. Ал ең бастысы – құймақ молынан.

Мария Безуглова.

-Біз құймақ, бауырсақ, түрлі тәтті тоқаштарды пісірдік. Тіпті міне құймақты дәл осы жерде дайындап жатырмыз. Халыққа ыстықтай ұсынудамыз. Ішіне қаймақ, ірімшік салып, дәмді етуге тырыстық.

Мейрамға облыс әкімі Ерік Сұлтанов та қатысты. Ол тағамдардан дәм татып, ұйымдастырылған мерекелік концертті тамашалады.

Масленица апта бойы тойланады. Оның әр күні өзіндік бір ерекшелігімен белгілі. Мерекенің соңғы күні, яғни жексенбіде кешірім сұрау қажет. Кең көлемде аталып өтілетін мейрамда бір-біріне қонаққа барып, дәм тату маңызды. Алаңға жиылған түрлі ұлт өкілдері де бұл күні бір-бірін құттықтасып жатты.

-Барша халықты осы мерекемен құттықтаймын.  

-Көңіл күйіміз жақсы. Барлығы тамаша өтіп жатыр.

Кейбірі тағамдардан дәм татса, енді бірі әртістердің өнерін тамашалауда.

Ал білекті де өз күшіне сенімді жерлестеріміз ойындарға қатысып жатты. Ең қиыны бағанаға шығып, басына тігілген жүлделерді алу болды. Мерекенің соңында сабаннан жасалған мүсін, яғни қарақшы жағылды. Ол қарды жібітіп, көктемнің келуін жақындатады деген сенім бар. Бұдан соң христиан сенімдегілер үшін үлкен ауыз бекіту шарасы басталады.

 

 

Магжан Ахмадина.