Билік

Ресей дағдарысқа қарсы шаралар жоспарын құрауда Қазақстаннан үлгі алуда

Сергей Нарышкин, РФ мемлекеттік федералдық жиналыс думасының төрағасы

– Ресей іскерлік байланысты одан әрі нығайтатын бағдарламаларды тоқтатпайды. Біз ірі инфрақұрылымдық жобаларды одан әрі қаржыландыра береміз. Оған қоса мемлекетік жеке меншік серіктестікке көп көңіл бөлеміз. Сондай-ақ, бірқатар өңірлер ерекше экономикалық аймақ дәрежесін алады.

Жиынға 26 елдің өкілі қатысты. Олар кездесу барысында кәсіпкерлік бастаманы ынталандырып, бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау амалдарын қарастырды. Осы тұста әркім өз тәжірибесімен бөлісті. СҚО әкімі Ерік Сұлтанов Қазақстанда инвесторларға жасалатын қаржылай қолдау шараларына тоқталды.

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі,

– Қазақстанда кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған 10 мемлекетік бағдарлама бар. Мысалы, “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы бойынша бизнесмендерге жылдық 14 пайызбен несие беріліп, үстемеақының жартысын мемлекет өтеп береді. Ал, “Өндіріс 2020” аясында инвесторлар несиені жылдық 6 пайыз мөлшерлемемен 10 жылға дейін рәсімдей алады. Бізде отандық тауар өндірушілерге арналып бірыңғай реестр құрылған. Біз әр инвестормен жеке-жеке жұмыс жасаймыз. Олар “Қызылжар инвест” форумына қатысып, біздің өңірге қызығушылық танытты.

Дағдарыс жағдайында бизнесті қалайша қолдауға болады? Осы сұрақтың шешімін делегаттар Түмен драмалық театарының залында талқылады. Кейін осы жерде “Инвестициялар, Индустриализация, Өңірлер, Серпіліс логикасы” атты 2-ші инвестициялық форумы өтті. Оған бизнес қауымдастық, несиелендіру ұйымдары мен басқарушы институттардың өкілдері, халықаралық сарапшылар жиналды. Форумға барлығы түрлі елден 700 адам келіпті. Жиында сөз алған “Опора России” қоғамдық ұйымының президенті тыңдаушыларға Қазақстанның тәжірибесін мысалға келтірді. Александр Калининді әсіресе, Қазақстанда инвесторлардың қаржысы ел қазынасы есебінен қайтарылатындығы қызықтырып отыр. Сондықтан, ресейліктер осы жеңілдікті болашақта өз елдерінде енгізбекші.

Александр Калинин, “Опора России” шағын және орта кәсіпкерлік бүкілресейлік қоғамдық ұйымының президенті, РФ

– Мен Ерік Сұлтановпен ұзақ әңгіме құрдым. Ол маған өз елінде инвесторларға көрсетілетін жеңілдіктер жайлы айтты. Қазіргі қиын жағдайда Қазақстан шағын бизнеске қолдау көрсетіп жатыр екен. Ресейліктер бұл жеңілдіктер жайлыенді талқылай бастады, ал Қазақстан мұны әлдеқашан қолға алған. Сондықтан алда сіздердің еліңізге келіп, Қазақстандағы бизнес жайлы көп мағлұмат алғым келетінін жасырмаймын.

Пленарлық отырыста экономистер, сарапшылар тағы да басқа саланың мамандары өз баяндамаларын оқыды. Олардың айтуы бойынша, осындай басқосулардың арқасында елдегі экономиканы бағамдап, нақты проблемаларды бірлесіп шешуге болады. Және бұл – потенциалы жоғары инвесторлармен танысудың таптырмас алаңы дейді.

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі

– Форумда мағыналы ойлар айтылды. Бір жақсысы, осы форумға заң шығарушылардың өздері де қатысқаны жөн болды. Біз осы жиында дағдарысқа қарсы Қазақстанда не жасалып жатқандығы жайында айтып бердік. Жиында нақты екі жобаны қарастырдық. Оның бірі – екі елдің шекарасында орналасқан “Ягуш” көлінде балық өсіру болса, екіншісі, балық өңдейтін кәсіпорынды салуға қатысты мәселе.

Бастысы, солтүстікқазақстандықтар әріптестік орнату мүмкіндігін қалт жібермей, форумда бизнесмендермен жақын танысты.

Медет Молдағұлов, “Эталон- Авторесурс” ЖШС директоры, ҚР

– СҚО-да жеке жанар-жағармай бекетіміз бар. Мен үшін бұл іс-сапар жемісті болды. Ресейдегі дизелдік отынды жеткізетін кәсіпорынмен жоғары активті бензин жеткізу жайында уағдаластық.

Бекжан Есенов, “Ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ның басқарушы директоры, ҚР

 

– Форум жоғары деңгейде өтті. Болашақтағы әріптестеріммен таныстым. Біздің кәсіпорын мұнай және газ өңдеуге қажетті қондырғыларды құрастырады. Және біздің өнім ресейлік мұнай өңдеуші мекеме басшыларын қызықтырады деген сенімдемін.

Соңғы жылдары Түмен облысының инвестицициялық әлеуеті оңалып, бизнесмендерден сол өңірдің қазынасына үш есе жоғары кіріс түсіпті. Бүгінде өлкеде жалпы құны 1 триллион 500 миллиард рубльден асатын жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Берик Касен.