МТРА жаңалықтары

Петропавлдағы көпқабатты үйлерде лифтілер жаңартылып жатыр

Вадим Иванов, “Лотос” тұтынушылар кооперативінің төрағасы, Мир көшесі, 154 мекен-жайының тұрғыны

– Біз тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына жүгініп, үш подъездегі лифтілерді 16 млн теңгеден астам қаражатқа сатып алдық. Оны “Ерославцев” жеке кәсіпкерлігі 2 ай ішінде орнатып берді. Қазір жаңа лифті үшін 4-шіден бастап 9-шы қабаттағы пәтерде тұратындар айына 2 422 теңге төлейді. Біз қарызды 8 жыл ішінде қайтаруға ниеттіміз.

Валентина Горбунова – зейнеткер. Баспананың 7-ші қабатында тұратын пәтер иесі бұрынғы жедел сатының машақаты көп болатын дейді.

Валентина Горбунова, Мир көшесі, 154 мекен-жайының тұрғыны

– Ескі лифтіміз дұрыс істемейтін. Жиі істен шығып, жоғары көтерілгенде қатты дыбыс шығаратын. Электриктерді бірнеше рет шақыртатынбыз. Қазір енді тыныш, тұрғындардың барлығы риза. Жоғары қабаттарда 10 шақты зейнеткер тұрады. Жаңа лифті орнатылған соң, олар далаға жиі шығып тұратын болды.

Белорусь елінде құрастырылған жедел сатының ерекшелігі бар. Қондырғыда домофон жүйесі орнатылған. Ол тұрғындардың қалауы бойынша жасалыпты.

Вадим Иванов, “Лотос” тұтынушылар кооперативінің төрағасы, Мир көшесі, 154 мекен-жайының тұрғыны

– Лифтінің есігін ашу үшін электрондық кілт қажет. Ол әр пәтер иесінде бар. Егер тұтынушы лифтімен жүру ақысын 3 ай бойы төлемесе, электрондық кілт автоматты түрде жарамсыз болып қалады. Яғни, жедел сатыны пайдаланғаны үшін абоненттік төлемді өтемеген тұрғындар оны пайдалана алмайды деген сөз.

Биыл Мир көшесі, 154 мекен-жайының тұрғындары жаңа жедел сатыларын бұзақылар мен ұры-қарылардан сақтау үшін бейнебақылау камерасын орнатпақшы.
Жалпы былтыр облыс орталығындағы көпқабатты баспаналарда 8 жаңа жедел саты орнатылған. Биыл тағы соншасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында орнатылмақ.

 

Берик Касен.