Қоғам

20 ізгі іс” эстафетасы жалғасуда

Анархан Дүйсенова – СҚО әкімінің орынбасары

– Елбасы Н.Ә.Назарбаев бейбітшілік пен тұрақтылық күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды паш ететін, жалпыұлттық жетістік деді. Біз еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің арқасында өркендеп келеміз. Қасиетті Түркістанның төрінде “Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 ізгі іс” республикалық эстафетасының бас белгісі – тайқазанды ұлықтау рәсімі болып өтті. Тайқазан – елдің бірлігі мен берекесінің символы болып белгіленді.

Осыдан кейін тайқазан салтанатты түрде Павлодар облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары әрі хатшылығының меңгерушісі Сейсембай Жетпісбаевтің қолына табыс етілді.

“20 ізгі іс” эстафетасының символы – тайқазан теріскей өңіріне ақпанның 12-сінде жеткізілген еді. 5 күннің ішінде ол бірқатар игі істермен толтырылды. Ендігі кезек – павлодарлықтарда.

Сейсембай Жетпісбаев – Павлодар облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі

– Павлодарда Достық үйіміз бар. Онда бүгінде 23 облыстық этно-мәдени бірлестік бейбітшілік саласында, келісім саласында өз жұмыстарын атқарып келе жатыр. Бізде де бірлестіктердің өз дайындаған істері бар. Әрине, осы тайқазанымызды осы жақсы істермен толтыратынымызға сенемін. Одан кейін акция бойынша тайқазанды бізден Шығыс Қазақстан облысы әрі қарай маршрут бойынша алып кетеді.

Бұдан кейін салтанатты шара тамаша концерттік бағдарламамен жалғасты.

Денис Мокринский – “Братство Сибирских казаков” ҚБ штабының бастығы

– Президентіміздің ұлтаралық, конфессияаралық келісімді нығайту бойынша алған бағыты бүгінде өз жемісін беруде. Өйткені, қазіргі уақытта әлемдегі жағдай тұрақты емес. Кейбір елдің бірлігі мен берекесі қашуда. Сол себепті, Елбасының сарабдал саясатының мәнісін біз барлығымыз да түсінеміз әрі соны жүзеге асыруға барынша өз үлесімізді қосудамыз.

Римма Хабибулина – “Дуслык” татар-башқұрт этно-мәдени орталығының өкілі

 

– Бүгінгі мерекелік іс-шараның жоғары деңгейде өткенін мақтаныш етемін. Залдағы отырған халықтың көңіл күйі тамаша. Бәрі де ду қол шапалақтап, бізбен бірге қуанысып отырды.

Тайқазан сәуір айында өтетін Қазақстан халқы ассамблеясының 22-ші сессиясында Елбасына тапсырылады деп жоспарлануда.

Данаш Хамзина.