МТРА жаңалықтары

Тоқсан сайын есеп бермеген ПИК-тің төрағаларына айыппұл салынады

Енді олар әрбір тоқсан сайын өзі жетекшілік ететін үйдің тұрғындары алдында есеп беріп отыруға міндетті. Бұны электронды түрде, ақпаратты ғаламтор желілерінде орналастыру арқылы атқаруға болады. Сонымен қатар, екінші деңгейлі банкте есеп-шот ашуы тиіс. Аталған талапты орындамаған кооператив төрағасы бірінші ретте әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде ескертіледі. Ал, келесі жолы – 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл – шамамен 37 мың теңге. Петропавл қаласының ПИК қауымдастығының төрағасы Сергей Худяковтың айтуынша мұндай шаралар тұрғындардың кооператив төрағаларына деген сенімін арттырады.

Сергей Худяков – ПИК қауымдастығының төрағасы

– Бұл – маңызды талап. Өйткені, тек түсіністіктің арқасында ғана белгілі бір органға деген сенімнің артуына қол жеткізуге болады. Ал, бірлесіп барлық мәселені шешуге болады. Пәтер иелері кооперативі төрағалары мен тұрғындар арасындағы шағымдар мен дау-дамайлардың басым көпшілігі жеткілікті хабардар етілмеудің, баспана ішіндегі жағдайды түсінбеушіліктің салдарынан туындайды.

Жуық арада ПИК қауымдастығы төрағалардың өз есептерін электронды түрде орналастыруы үшін арнайы сайтты іске қосуды жоспарлауда.

Сергей Худяков – ПИК қауымдастығының төрағасы

-Біздің қауымдастық қазір қала тұрғындарымен әңгімелесуді бастауда. Яғни, олардың осы есептерде ненің көрініс тапқанын қалайтындарын білгіміз келеді. Біз сайтты ашуға тырысамыз. Онда мәселелерді талқылап, кеңес алуға болады.

Бүгінде облыс орталығындағы пәтер иелері кооперативі саны 400-ден асады.

Данаш Хамзина.