Денсаулық сақтау

Қызылшаға қарсы екпе жасау ақпанның 16-сы мен 28 аралығында жүргізіледі

Талант Қазыбеков, ҚР Ұлттық Ұланы Әскери институтының курсанты

– Мемлекеттің болашағы сау ұрпақты қолында. Сондықтан біз жастар денсаулығымызды осы бастан сақтап, осындай түрлі жұқпалы аурулардан қорғанып жүруіміз керек.

Қызылша ауруы адам үшін қауіпті. Жұқпалы кеселдің вирусы адам ағзасына тыныс алу жолдары арқылы түсіп, қанмен тез таралады. Одан ми, өкпе, бауыр, сынды ағза мүшелеріне зақым келеді. Бүгін қызылшаға қарсы қосымша екпе шарасын жүргізу үшін өңірдің барлық аудандары мен облыс орталығында жалпы саны 481 бекет құрылды. Олар емдеу мекемелері мен білім ошақтарының базасында орналасқан. Жалпы атамыш науқанға 943 медициналық қызметкер қатысады. Оның жартысына жуығы – вакцинаторлар.

Салтанат Үмітбаева, №3 қалалық емхананың дәрігер-эпидимиологі

– №3 қалалық емхана базасында 1 872 адамға қызылшаға қарсы вакцина егіледі. Оның басым бөлігі – университет, колледж студенттері мен бірқатар метептердің оқушылары. Қазір біздің емханадан бұл шараға 2 бригада жұмылдырылды. Фельдшер, медбике, тіркеушілер бүгінде аттестациядан өтті.

Бүгінде қызылша ауруы көршілес елдерде ушығып барады. Сондықтан, елімізде оған қарсы қосымша екпе шараларын жүргізу маңызды дейді мамандар.

Юрий Пузиков, СҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаментi басшысының орынбасары

 

– Биыл ел қазынасынан қомақты қаражат бөлініп, қызылшаға қарсы 25 мыңнан астам вакцина алынды. Біз осы жолы 21 630 солтүстікқазақстандық жастарға қызылшаға қарсы екпені тегін жасаймыз.

Қызылшаға қарсы вакцинация шарасы өңірімізде ақпанның 16-сы мен 28 аралығында жүргізіледі.

Берик Касен.