Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірде “20 ізгі іс” акциясы өтуде

Әмірхан Мұқанов – Ұлы Отан соғысының ардагері

– Соғысқа алып кеткенде бір полкқа қосып жіберді. Сонда окоп қазып, ұрыс жүргіздік. Біздің міндет жау келе жатса тек қана оқты жаңбырша жаудыру болды.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері ардагерге сыйлық табыстап, бейбіт өмірде тұрып жатқанымыз үшін алғыстарын айтты.

Кейін Ассамблея өкілдері Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі Смирнов интернат-үйіне ат басын бұрды. Бүгінде аталмыш мекемеде 13 ұлттың өкілдері тұрады. Мұнда қарттарға барлық жағдай жасалған. Медициналық қызметтер де тиісті деңгейде көрсетіледі.

Андрей Сембаев – Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі Смирнов интернат-үйінің директоры, Аққайың ауданы

– Қазіргі таңда біздің мекемеде 345 қария тұрады. Мұнда олардың барлығына жақсы жағдай жасалған. Бөлмелердің іші жылы, күніне 5 мезгіл тамақ беріледі. Сонымен қатар, тиісті әлеуметтік қызметтер де көрсетіледі.

«20 ізгі іс» акциясы аясында қарттар үйінде өңіріміздің өнер ұжымдары «Алтын жүрек» атты концерттік бағдарлама ұсынды.

Шара барысында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан қарттар үйіне плазмалық теледидар тарту етеді. Сондай-ақ, өңірімізге 12 ақпанда Павлодардан жеткізілген тайқазанның көшірмесі аталмыш мекемеге табысталды.

Наиль Салимов – Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі

– “20 ізгі іс” акциясы жыл бойына жалғасады. Бұл тайқазанды біз өңіріміздің барлық аудандарына табыстаймыз. Эстафетаны қабыл алған аудан келесіге тапсырмас бұрын, ізгі іс жасауы міндетті.

Бұдан соң облыстық Қазқстан халқы Ассамблеясының мүшелері «20 ізгі іс» республикалық эстафетасының бас белгісі, татулық пен бірліктің символы атанған – тайқазанды Даму мүмкіндігі шектеулі, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Соколов арнайы түзету мектеп интернатына жеткізді. Бүгінгі күні аталмыш мекемеде 1-ші және 9-шы сынып аралығында 38 бала тәрбиеленіп, білім алуда.

Рашид Надиров – «Барбанг» күрдтер этномәдени орталығының төрағасы

– Акция аясында еліміздің әрбір азаматы қарттарға, мүгедектерге, әлжуаз топ мүшелеріне көмек көрсетіп, ізгі іс жасауы керек. Ол ұлттар бірлігінің белгісін білдіреді.

Салтанатты шара барысында мектеп-интернат тәрбиленушілерінің құрметіне ассамблея мүшелері арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Өз кезегінде оқушылар да аянып қалмады. Жастар қонақтарға өз өнерлерін паш етті.

Кейін ассамблея мүшелері интернат ұжымына ел көлемінде бастау алған «20 ізгі іс» акциясы шеңберінде «Отау ТВ» қондырғысын сыйға тарты. Айта кету қажет, Түркістан қаласындағы Қожа-Ахмет Яссауи кесенесіндегі қасиетті тайқазанның көшірмесі санаулы күндерден соң теріскейден Павлодар облысына жеткізілмек. Жалпы игілікті істердің басты белгісіне айналған аталмыш тайқазан барлық өңірлерді аралап, сәуір айында яғни Қазақстан халқы Ассамблеясының 22-ші сессиясында Елбасына тапсырылады деп жоспарланып отыр.

Риат Шони.